Кенжебек Жанәбіловке ота жасалуы мүмкін: «Музарт» әншісі бірнеше айға сахнадан қол үзеді

11.08.2026 16:13 Қарақат АСЫЛОВА
Кенжебек Жанәбіловке ота жасалуы мүмкін: «Музарт» әншісі бірнеше айға сахнадан қол үзеді
246
Фото: instagram.com/saken_maigaziyev
Сәкен Майғазиев ауруханаға түскен Кенжебек Жанәбіловтің халін біліп қайтты.

«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев жүрек ұстамасынан кейін ауруханаға түскен әріптесі Кенжебек Жанәбіловтің халін біліп қайтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Денсаулығы сыр берген өнер иесінің беті бері қараған. Дәрігерлер енді елдің үздік кардиологтарымен ақылдаса отырып, ортақ шешім қабылдайды. Егер ота жасалатын болса, әнші 3-4 ай бойы сахнадан алыстап, емделуге мәжбүр болады.

Бұл туралы Сәкен Майғазиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ақ Кенжештің хәлін сұрап, көңілін көтеріп қайттық. Дәрігерлерге мың алғыс! Кенжебек білікті маман, тәжірибелі дәрігер Алмат Егізеков мырзаның жіті қадағалауында. Екі күн бұрын қатты қысылып, жүрегі ұстап қалған еді. Бүгін беті бері қарапты. Алайда үлкен күтімді қажет етеді дейді мамандар. Бүкіл Қазақстанның жоғары дәрежелі кардиологтарымен консилиум жасап, ортақ шешімге келу керектігін айтты. Бір сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек дейді. Ота жасаса, 3-4 ай сахнаға шықпай демалуына тура келеді дейді. Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін. Ауырып жатқан жанның ұнжырғасын түсіре бермей, күлкіге көмкеріп, көңіл-күйін көтеріп кету сауапты амалдардан екен. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін. Сіздерге де мықты денсаулық тілейміз, қазақ елі», – деп жазды өнер иесі.

Еске сала кетейік, жақында Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен болатын. Қазір ол білікті дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий