Кінәлілер жазалансын: Зауытта көз жұмған балуанның отбасы әділдік сұрады
Шымкенттегі зауытта қаза тапқан 28 жастағы балуан Әділ Тілектестің жақындары кәсіпорында қауіпсіздік талаптары сақталмаған болуы мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Отбасы оқиғаның жан-жақты тергелуін, кінәлілердің жазалануын және марқұмның отбасына өтемақы төленуін сұрап отыр.
Әділдің әпкелері демалыс күні оны жұмыстан алып кетуге барған. Сол күні бәрі әкелерін туған күнімен құттықтауды жоспарлапты. Алайда зауытқа келгенде бауырларының ауыр жарақат алғанын кездейсоқ білген.
«Бетін жаппақшы болды. Бетін жаппаңдар бұл өлген жоқ дедім. Қайда алып кетіп бара жатырсыңдар көмектесіңдер дедім. Қарасам күйіп кеткен екен ғой байғұстың мойнынан бастап құлақтарына дейін. Ең соңында қарасам қолдары да күйіпті. Қолымен ұстап қалды ма, тоқ тартты ма тоққа барып соғылды ма бәрібір де ара-қашықтығы жақын болды өте. Прям адамның мына жерінен келіп тұр ма. Техникалық қауіпсіздік қаншалықты сақталған сақталмағанын анықтау керек», – деді марқұмның әпкесі Мөлдір Тілектес.
Берілген мәліметке қарағанда, кафель шығаратын зауытта жұмыс істеген Әділді электр тоғы соғып, ол биіктен құлаған. Кәсіпорын өкілдерімен байланысу мүмкін болмаған. Туыстарының айтуынша, зауыт өкілдері отбасына көмек көрсетуге уәде берген.
Әділ Тілектес грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған. Есту қабілеті төмен балуандар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғаған, жақсы нәтижелер көрсеткен. Ым-ишара тілімен сөйлейтін спортшы күрестен табыс таппағандықтан, зауытқа жұмысқа орналасқан.
Жұбайы Анжела Тұрғаналиеваның айтуынша, ол жұмыс істей жүріп те жаттығуын тоқтатпаған.
«Спорттан бас жүлделі орындар алсам, үй аламын деп ниет қылып спортын тастамаған. Кешке жетіге дейін жұмыс істейді. Сағат тоғыз-ондарда жаттығуға барып түнде келеді. Күреске барғанда медаль алғанда ақша беретін ба еді? Бермейтін еді дейді. Тек жұмыс істеп айлық алатын еді дейді. Жарысқа барған кезде қызғаншақ дейді бапкерлері. Ешқандай ақша бермейтін еді дейді», – деді марқұмның жұбайы Анжела Тұрғаналиева.
Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі кәсіпорын аумағында жұмысшының қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс кезінде электр тоғы соғып, өлімге әкелген жарақат алған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған 2 ұлы қалды. Үлкені 4 жаста, кішісі 8 айлық. Жас отбасы Шымкентте пәтер жалдап тұрған.
Соңғы жаңалықтар