Кішкентай қыздан "жын шығармақ" болған емші жазаға тартылады
Атырауда жасөспірім қыздан жын шығармақ болған емші Кейқуат Оспановқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
“Бұл іс бойынша тексеру жалғасуда. Қазіргі таңда оны әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр”, — деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Сонымен қатар ол баланың ата-анасынан ешқандай шағым түспегенін алға тартты.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде кішкентай қыздан “жын шығарып“ жатқан видео тарады. Бұл мәселе құзырлы органдардың назарын аудартты.
Кадрларда ер адам қыздың есімін, жынысын, не үшін кіргенін, кім жібергенін, жасын сұрайды.
“19-дағы Ләззат, мың жылдықсың ба, жүз жылдықсың ба? Ішіңде нешеу?” — деп сұрайды ер адам кішкентай қыздан.
Видеода қыз сұрақтарға жауап беріп, жылап жатқаны көрінеді.
БАҚ пен желіде видеодағы емшінің есімі Кейқуат Оспанов екені айтылады.
Мәселеге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.
“Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты. Аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері алдын ала анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жай анықталуда”, — деді ол.
Айта кетейік, аталған оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрлігі де мәлімдеме жасаған еді.
Министрлік аталған жайт үлкен алаңдаушылық тудырғанын ерекше атап өтті.
“Атырау облысында болған оқиғаға бей-жай қарауға болмайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайды өз бақылауына алды”, – деп хабарлады министрліктің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта балаға қажетті көмек, соның ішінде кәсіби психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар оқиға орнында балалар құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл жұмыс істеп жатыр.
“Бала денсаулығы мен әл-ауқатына қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмейтінін ерекше атап өткен жөн. Министрлік балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар мен нормаларды қатаң сақтау қажеттігін еске салады”, – деп қорытындылады комитет өкілдері.