Көк-Жайлау жобасы қала экономикасына жаңа серпін бермек

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдау кезінде шаһардың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер салуға және аумақты тарылтатын құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырған болатын. Президенттің бұл шешімі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тау бөктеріндегі экожүйеге түсетін салмақты азайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл аймақта тек қаланың жаңартылған бас жоспарында нақты қарастырылған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен туристік кластерлерді салуға ғана рұқсат етіледі.
Көк-Жайлау жобасына ерекше мәртебе берілген, сондықтан мораторий оған қолданылмайды. Бұл жоба Президент белгілеген табиғатты қорғаудың жаңа жоғары стандарттарына толық сәйкес келеді. Жоба аясында құрылыс ландшафтқа минималды араласу арқылы жүргізіліп, жаңартылатын энергия көздері қолданылады және ауқымды компенсациялық көгалдандыру бағдарламасы іске асырылмақ.
Сонымен қатар, осы туристік кластерді дамыту қала экономикасына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде. Заманауи инфрақұрылымның жасалуы жеке инвестицияларды тартуға, мыңдаған жұмыс орнын ашуға және туристер ағынын айтарлықтай көбейтуге ықпал етпек. Бұл өз кезегінде бюджетке қосымша қаржы түсуін қамтамасыз етеді.
Осылайша, Президент Тоқаевтың мораторийі Алматы табиғатын қорғаудың басымдығын айқындады. Ал ерекше мәртебе алған Көк-Жайлау жобасы туризмді дамытудың экологиямен үйлесімде жүре алатынын және қалаға нақты экономикалық пайда әкелетінін дәлелдеуі тиіс.
Соңғы жаңалықтар





