Көмек іздеп, әр есікті қағады! Депутат мүгедектігі бар адамдардың мәселесін көтерді

16.09.2026 14:37 Қарақат АСЫЛОВА
Көмек іздеп, әр есікті қағады! Депутат мүгедектігі бар адамдардың мәселесін көтерді
83
Фото: Бейнеден кадр

Мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналары қандай көмек тиесілі екенін өздері іздеп, түрлі мекемеге баруға мәжбүр. Құрылтай депутаты Захира Бегалиева қолдау шараларын бір жүйеге біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ауыл» фракциясының мүшесі бұл мәселені Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, медицина, білім, әлеуметтік қызмет, жұмыспен қамту және оңалту құралдары әртүрлі министрлікке қарайды. Отбасылар қайда жүгінетінін, қандай көмек алатынын және оған кім жауапты екенін біле бермейді. Баланың ерте жастағы көмектен бастап оқуға, мамандыққа, жұмысқа және дербес өмірге өтуін қамтитын ортақ жүйе жоқ.

Қаржы да ведомстволар мен өңірлерге бөлек бөлінеді. Сондықтан оның адам өмірін қалай жақсартқанын бағалау қиын. Ал барлық мәселені Еңбек министрлігі жалғыз шеше алмайды.

Бегалиева Үкімет жанынан Премьер-министрдің орынбасары басқаратын тұрақты ведомствоаралық орган құруды ұсынды. Оған министрліктер, әкімдіктер, мүгедектігі бар адамдар мен ата-аналар қауымдастықтарының өкілдері кіруі тиіс. Орган 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасының орындалуын үйлестірмек.

Екінші ұсыныс – «Әлеуметтік навигатор» жүйесін енгізу. Ол адамның қажеттілігін анықтау, оңалту, білім алу, қабілетін дамыту, мамандық таңдау, жұмысқа орналасу және дербес өмір сүру кезеңдерін біріктіруі керек. Әр кезеңде қандай көмек кепілдендірілетіні, қайда жүгіну қажеттігі және күтілетін нәтиже көрсетілуі тиіс.

Үшінші ұсыныс – барлық министрлік пен өңірдің шығыны және нәтижесі көрсетілген ортақ карта жасау. Онда ақшаның қайда жұмсалғанымен қатар, қызмет сапасы, білім мен жұмысқа қолжетімділік және адамның табысы қалай өзгергені бағалануы қажет.

Депутат осы шараларды бірге іске асырып, ведомстволардың нәтиже үшін ортақ жауапкершілігін бекітуді сұрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий