"Көмек қажет емес": Марат Жыланбаевтың түрмедегі жағдайы белгілі болды

Марат Жыланбаев түрмедегі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Әйгілі марафоншы, бүгінде сот үкімінен кейін қамауда отырған Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлады деген ақпарат ел ішінде үлкен алаңдаушылық тудырды. Әсіресе, оның ұлының үндеуінен кейін қоғамда түрлі пікірлер айтыла бастады.
Алайда бұл жағдайға қатысты нақты мәліметті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Шер Раиса ұсынды. Ол арнайы барып, Жыланбаевпен жеке кездесу өткізген.
Раисаның айтуынша, кездесуде марафоншы өзін жақсы сезінетінін айтып, денсаулығым нашар деген әңгімеге таң қалған.
– Жыланбаевтың айтуынша, ол түрмеде тұрақты түрде спортпен айналысып жүр, соның ішінде сүйікті ісі жүгірумен де айналысады. Кітапханаға барып, әдебиет оқиды, – деді Шер Раиса.
Раиса тағы да оның кей кездері ашығу (голодовка) тәжірибесін өзі үшін қолданатынын, бұл арқылы ағзасын шынықтырып жүргенін айтқан. Түрме жағдайына, тамақтануға, не болмаса қызметкерлер тарапынан қысым көрсетілді деген ешбір шағым болмаған.
— Жақындарымен байланыс жасап отыруына толық мүмкіндік бар. Телефонмен сөйлесіп, ұзақ әрі қысқа кездесулерге рұқсат алған. Сонымен қатар сәлемдеме алып тұрады, қажетті кітаптармен қамтамасыз етілген, — деді хатшы.
Кездесуге қатысқан медицина мамандары да Жыланбаевтың денсаулығын қанағаттанарлық деп бағалаған. Кеңес хатшысы Шер Раисаның айтуына қарағанда Марат Жыланбаевтың жағдайы жақсы, еш шағым жоқ.
Соңғы жаңалықтар





