Көп қарызға батып, ауыр халде болдым: Айнұр Тұрсынбаева өмірдегі өкінішін айтты

Айтыскер ақын әрі коуч Айнұр Тұрсынбаева өз өміріндегі ауыр кезеңдер мен қиын сәттер туралы шынайы сыр шертті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол бұл естеліктерімен Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында бөлісіп, 2016 жылы Меккеге барған сапарын ерекше атап өтті. Сол кезде өмірінің ең ауыр кезеңін бастан өткергенін айтқан ол, ажырасу, қарызға белшесінен бату сынды жағдайлармен бетпе-бет келген. Меккеде Қағба маңында көз жасына ерік беріп, Алладан көмек сұрағанын, тіпті сол сәтте дұғасының қабыл боларына сенбегенін де жасырмайды. Жаны күйзеліп, үмітсіздікке тап болған сәтінде айтқан жалбарынысы кейіннен оның өмірін күрт өзгерткен.
Сұхбат барысында Айнұр Тұрсынбаева айтыс өнеріндегі қиындықтарды да еске алды. Қаржылық жағдайының төмен болуына байланысты пойызбен қатынауға мәжбүр болғанын, жолсеріктердің танып, ыстық шай мен тамақ ұсынып, демеу болғанын жылы естелікпен жеткізді. Сол кезеңде бизнес бастауға мүмкіндігі болмаған, жалғыз мүлкі – тұрып жатқан пәтері ғана еді. Айтыста да “қара тізімге” ілініп, жұмыс табу қиынға соққан. Қыз ұзатуға барып, 200-300 мың теңгеге табыс тапса да, кейде ажырасқан адам болғаны үшін тойларға шақырылмағанын айтты.
Бар қиындыққа қарамастан, ол жеті жыл ішінде табандылықпен еңбек етіп, өмірін қайта құра білді. Сол уақыт аралығында қаржы жағынан оңалып, ақша көздерінің көбейіп, жан-жақтан табыс ағыла бастағанын атап өтті. Айнұр Тұрсынбаеваның бұл шынайы әңгімесі – қиындыққа мойымай, сеніммен және еңбекпен өмірді қайта бастауға болатынын дәлелдейтін әсерлі мысал.
Соңғы жаңалықтар





