Купеде ұйықтап жатқан қызға тиістім – танымал әзілкеш
Жайдарманшы Дархан Оспановтың жеке YouTube-арнасындағы «Шәй әңгіме» подкасының 51-ші шығарылымы қоғамда үлкен талқыға түсті. Бағдарламаға бұрынғы «Көз тимесін» командасының мүшелері — Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонаққа шақырылды. Алайда эфирде айтылған бір оқиға көптің ашуын келтіріп, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Подкаст барысында Айбек Байназаров бойдақ кезінде пойызда болған бір жағдайды еске алды. Оның сөзінше, купеде таныс емес қыз отырғанын көріп, оны ұзақ уақыт бақылап қалған, кейін оған жақындауға әрекет жасаған.
«Бір күні пойызда келе жаттым. Купеде бір қыз отыр екен. Бастапқыда ешқандай ойым болмады, тек әдемі екен деп қарадым. Барлығын реттеп, досыммен мейрамханаға барып ішімдік іштік. Купеге қайта келіп, екінші қабатқа көтеріліп бара жатып, сол қызға қарасам, ай сәулесінде беті “алма” сияқтанып тұр. Жарты сағат бойы қарап тұрдым. Әр түрлі ойлар келіп-кетті. Кейін оған жақындап, мойнына қарай беттедім де, бірден “болмайды” деген дауыс шықты. Сол сәтте төсегіме барып ұйықтап кеттім. Ол да мені ұнатқан шығар, мүмкін қабылдап қалар деген ой болды», — деді ол.
Оқиға желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілігі бұл әңгімені қорқынышты әрі жағымсыз деп бағалап, қызға жасалған қысымды, әжуалай отырып жеткізуге болмайтынын айтты.
Соңғы жаңалықтар