Жүргізушіден пара сұрап ақшасын ала алмаған полицей сотталды

Жүргізушіден пара сұрап ақшасын ала алмаған полицей сотталды
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Павлодар облысында жол ережесін бұзған жүргізушіні пара үшін босатып жіберген бұрынғы полицей сотталды. Оған 750 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, оқиға 2026 жылғы мамырда болған. Полиция қызметкері Павлодар мен Омбы арасындағы тасжолда қарсы жолаққа шығып, тұтас сызықты кесіп өткен жүргізушіні тоқтатқан.

Жүргізуші туысына хабарласып, көмек сұраған. Туысы таныс полиция инспекторына қоңырау шалып, жүргізушіні жауапкершіліктен босатуды өтінген.

Инспектор бұған келісіп, 30 мың теңге пара сұраған. Жүргізуші ақшаны кейін аударуға уәде берген соң, полицей хаттама толтырмай, оны босатып жіберген.

Бірақ жүргізуші бірнеше күн өтсе де ақшаны аудармаған. Тіпті полицейдің қоңырауларына жауап бермей қойған.

Осыдан кейін инспектор жүргізушіге араша түскен танысына хабарласқан. Ол 30 мың теңгенің орнына 15 мың теңге берсе жеткілікті екенін айтқан.

Сот үкіміне сәйкес, танысы инспектормен қарым-қатынасын бұзғысы келмеген. Сондықтан басқа адамнан 15 мың теңге қарыз сұрап, ақшаны полицейге берген.

Кейін бұл жағдай құқық қорғау органдарына белгілі болып, қылмыстық іс қозғалған.

Сот бұрынғы полицейді пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 750 мың теңге айыппұл салды. Ал жүргізушіге көмектескен танысы пара бергені үшін 225 мың теңге айыппұл арқалады.

Жол ережесін бұзған жүргізуші қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде қатысқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу