Қарсақбайда алғашқы мыс балқытылғанына 98 жыл толды
Қарсақбайдағы металлургиялық зауытта осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын ағылшындар әкелген жабдықтар әлі күнге дейін қолданылады. Қазақстанның түсті металлургия тарихы басталған бұл кәсіпорынға биыл 98 жыл толды. Дәл осы жерде 1928 жылғы 19 қазанда алғашқы мыс балқытылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазір зауытта төрт цех жұмыс істейді. Жыл сайын 190 тоннаға жуық өнім шығарылып, шойыннан жасалатын бұйымдардың 45 түрі өндіріледі. Ал кәсіпорындағы жабдықтардың басым бөлігі осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ағылшындар орнатқан қондырғылардан тұрады.
Бұл өңірде мыс кені бар екені XIX ғасырда-ақ белгілі болған. 1847 жылы орыс көпесі Никон Ушаков жер иелері Бабыр Бөкеншіұлы мен Шияқ Таңсыбергеновтен кен орнын сатып алып, мыс өндіруге кіріскен.
1909 жылы Ушаков кен орнын ағылшындарға 260 мың рубльге сатқан. Арада үш жыл өткенде жаңа қожайындар Қарсақбайда мыс балқыту зауыты мен кен байыту фабрикасын салуға шешім қабылдайды.
Алайда бұл жоспар бірден жүзеге аспаған. Алдымен Бірінші дүниежүзілік соғыс, кейін Азамат соғысы құрылысты тоқтатқан. Қазан төңкерісінен соң ағылшын акционерлері кен орнын біржола тастап кеткен.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қарсақбай мыс балқыту зауыты мемлекет меншігіне өтті. 1925 жылғы 10 маусымда «Атбасартүстімет» тресі құрылып, кен байыту бөлімшесі мен балқыту цехы іске қосылды.
Сол жылдары әйгілі геолог Қаныш Сәтбаев та Қарсақбайда еңбек еткен. Ол «Атбасартүстімет» тресінде инженер-геолог, бас геолог болып, Қарсақбай комбинаты жанынан ашылған геологиялық барлау бөлімін басқарған.
Қаныш Сәтбаев сол кезде өңірдің болашағына зор сенім білдірген.
«Қарсақбай – Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген ғалым.
1928 жылғы 16 қазанда Қарсақбай зауытындағы балқыту пеші қыздырыла бастады. Үш күннен кейін, 19 қазанда сағат 23:00-де алғашқы мыс балқымасы алынды.
«Қазақмыс» корпорациясының мәліметінше, сол кездегі Қарсақбай мысы сапасы жағынан Кеңес Одағындағы ең үздік мыс саналған. Осылайша Қарсақбай Қазақстандағы түсті металлургияның алғашқы өндіріс ошағына айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да кәсіпорын жұмысын тоқтатпаған. Корпорацияның хабарлауынша, майданда қолданылған әрбір төртінші оқ пен 32 мың минаның корпусы Қарсақбай мыс балқыту зауытында құйылған.
Ал 1958 жылғы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс балқыту зауытының негізінде Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды.
Қарсақбайдың тарихы тек мыс өндірумен шектелмейді. Мұнда бір кәсіпорында бірнеше ұрпақ бойы еңбек етіп келе жатқан әулеттер де бар.
Солардың бірі – Мәткеновтер әулеті.
Қадыр Мәткенов Қарсақбай зауытын 33 жыл басқарған. Қазір оның ұлы Мұрат Мәткенов әкесінің жолын жалғастырып, Қарсақбай металлургиялық зауытына жетекшілік етіп отыр.
Корпорацияның хабарлауынша, Мұрат Мәткенов жуырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қабылданған.
Ал Қадыр Мәткеновтің немересі, Мұрат Мәткеновтің ұлы Әнуар Мәткенов те осы зауытта еңбек етеді.
Бүгінде 98 жылдық тарихы бар кәсіпорын жұмысын жалғастырып келеді. Бір қызығы, зауыттағы өндірістің едәуір бөлігі әлі күнге дейін ағылшындар бір ғасырдан астам уақыт бұрын әкелген жабдықтарға сүйенеді.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС зауыт ұжымы мен өндіріс ардагерлеріне көпжылдық еңбегі және Жезқазған өңірінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Соңғы жаңалықтар