"Күйеуі ұрған": ауыр жарақат алған 37 жастағы әйел ауруханада көз жұмды

02.09.2026 13:03 Мөлдір ҚАЙНАР
52
Фото: istock

Қырғызстанның Ош облысы, Өзгөн ауданында ауыр дене жарақаттарымен емдеу мекемесіне түскен 37 жастағы әйел ауруханада қайтыс болды. Бұл ақпаратты облыстық ішкі істер басқармасы ресми түрде растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәліметтерге сәйкес, 1989 жылы туған Н.Г. есімді келіншек 17 тамызда басы, беті және денесінің түрлі бөліктерінен жарақат алып, Қара-Құлжа аудандық ауруханасына түскен. Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамы бойынша, оны 48 жастағы күйеуі ұрып-соққан болуы мүмкін. Бұған дейін желіде марқұмның денесіндегі ауыр соққы іздері түсірілген бейнежазба тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған еді.

Оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, куәгерлердің түсініктемелеріндегі қайшылықтарға байланысты әу баста Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабымен іс тіркелген болатын.

Алайда 29 тамызда аурухана қызметкерлері науқастың көз жұмғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта марқұмның нақты өлім себебін және оның алған соққыларымен тікелей байланысын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу органдары түпкілікті қорытынды шыққанға дейін әйелдің өліміне күйеуінің әрекеті себеп болғанын нақты растаған жоқ. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий