Күйеуінен өш алу үшін екі баласын өлтірген әйелге сот үкімі шықты
Өзбекстанның Сырдария облысында екі бірдей кәмелетке толмаған ұлын өлтірген 32 жастағы әйел 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 1 ақпанға қараған түні Гүлстан ауданындағы жалдамалы үйлердің бірінде болған. Тергеу анықтағандай, ерлі-зайыптылар арасында ұдайы отбасылық жанжал туындап тұрған. Келіншек күйеуінен өш алу мақсатында 6 және 4 жастағы екі ұлын тұншықтырып өлтірген.
Айыпталушы қылмысын жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқан. Ол балалардың мәйітін қатар қойып, үй ішіне газ жіберген, сондай-ақ күйеуіне хат қалдырып, өз өмірін қимақ болған. Жұмыстан оралған отағасы дереу жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер тек әйелді ғана аман алып қалды. Сараптама нәтижесі балалардың улы газдан емес, механикалық асфиксиядан көз жұмғанын дәлелдеді.
Сот келіншекті қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша кінәлі деп тауып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге шешім шығарды.
Соңғы жаңалықтар