"Легенда". Қайрат Нұртас су жаңа атаққа ие болды
Қазақстандық танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртасқа ерекше қолдау білдіріп келе жатқан барша жанкүйерлеріне алғысын айтты.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қайрат Нұртасқа қолдау білдергендерге ыстық ықыласын жеткізді.
Күні кеше Аңыз адам және Легенда номинациясы атағын алды. Өзі емес, атақ берген ел-жұрт. Бұдан кейін беймарал Легенда дей беріңіздер. Ал мен тарихта қалуына себепкер болып ат салысайын, — деп жазды продюсер.
Оған қоса Қайрат Нұртастың анасы бұл мәртебе ұлына ерен еңбектің арқасында келгенін айтты.
Сіздер үшін тек жанды дауыста ән салады. Фонограммамен айтпайды. "Күндестің күні – қоңырау, соңымнан еріп әлі жүр" демекші өсекті қойыңыздар! Қара термен келген еңбекті бағалайтын кез болды. Өсекті қоштамай, сәл көзді ашып, қошеметтейтін уақыттарыңыз болды, - деп жазды Гүлзира Үсенқызы.
Еске салайық, бұған дейін Бибігүл Төлегенова Қайрат пен Димашты салыстырып, оның жерде екенін айтқан еді.
Мен, біріншіден, Димаш Құдайбергенге мың да бір рахмет айтамын. Бүкіл жер жүзін аузына қаратқан, қазақ үніне телмірткен адамға бас июіміз керек. Жас болса да бізден жолы үлкен. Ешбір әншіміз дәл ондай жетістікке жетіп көрген жоқ. Өйткені Димаштың өзінің харизмасы бар. Сахнаға шыққанда өте бір қуатты энергиясы бар. Ол айтатын әндердің мәнін түсіну үшін табынушылары қазақтың тілін үйреніп жатыр. Соның өзі үлкен дәреже ғой. Бірде маған бір өзің сияқты тілші келіп Қайрат Нұртас деген әнші мен Димаштың қайсысы шын өнерпаз деген сұрақ қойды. Мен оған Димаш әнші, ал Қайрат сияқтылар орындаушы екенін айттым. Журналист Димашты санаулы адам тыңдайтынын, ал Қайрат Нұртастың әніне бүкіл жастар билейтінін айтып қарсы уәж келтірді. Димаш пен эстрадада жүрген Қайраттардың арасы жер мен көктей дедім. Димаш – көкте, Қайрат сияқтылар жерде, – дейді әнші.