«Мәмілеге келуге болар еді»: Құрылтай депутаты бола алмаған Зайытов мандаттан өзі бар тартқан ба?
Экс-мәжілісмен, айтыскер ақын Ринат Зайытов «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында не себепті Құрылтай құрамына өтпегенін және депутаттық мандат үшін неге таласпағанын ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, саяси ұйымдағы өзгерістер кезінде жаңа құраммен мәмілеге келіп, мандат үшін күресуге мүмкіндік болған. Алайда ол өз ұстанымына адал қалуды жөн көрген.
«Біздің партия – «Аманат» партиясы «Әділетке» ауысқанда, бізде таңдау болды. «Әділет» партиясына кіріп, содан соң сол партияның жаңа құрамымен, жаңа хатшыларымен, атқарушы хатшыларымен, бәлкім мәмілеге келсек болар еді. Әрекет етсең, берекет шығады. Бәлкім, Құрылтайға баруға мүмкіндік болар ма еді?! Өзімде мүлдем ондай ой болған жоқ», — деді экс-депутат берген сұхбатында.
Ринат Зайытов өзінің саяси жолында «Аманат» партиясының орны ерекше болғанын және қызмет барысында үлкен қолдау көргенін атап өтті.
«Менің барлық күш-жігерім Мәжілістегі жұмысыма тікелей қатысы бар, тікелей демеу болған – сол кездегі «Аманат» партиясы. Өзім тұңғыш кірген, қатарына қосылған партиям. Ол партияда үлкен жұмыстарымыз болды. Соның бәрін бір-ақ күнде бір жаққа бұра салып: «Мен кеттім, кеме бата берсін» деген дүние менің болмысымда жоқ болғандықтан, «бір жөні болар» дедім. Ешқандай талпыныс, ұмтылыс болған жоқ. «Жақсы, рақмет» деп ризашылығымды білдіріп, өз жөніммен кеттім», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Ринат Зайытов жуырда ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болып тағайындалған болатын.
Соңғы жаңалықтар