Маңғыстауда әйел 34 алтын бұйымды жыныс мүшесіне тығып өтпек болды
Маңғыстау облысындағы «Құрық» теңіз портында ерекше контрабандалық оқиға тіркелді. Қазақстандық әйел 34 түрлі зергерлік бұйымды өз денесінің ішіне жасырып, шекарадан заңсыз алып өтпек болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдеуінше оқиға «Зарифа Алиева» кемесі портқа келіп тоқтаған сәтте болған. Жолаушылар төлқұжат тексерісінен өтіп жатқанда, 1964 жылғы азаматшаның іс-әрекеті кеден қызметкерлерінің назарын бірден аударған.
Ол өте баяу жүріп, қолын ішінен алмай, өзін тым күдікті ұстаған. Осыдан кейін кеден және шекара қызметкерлері көлік прокуратурасымен бірлесіп, әйелді жеке тексеруден өткізуге шешім қабылдайды.
Күдік расталды: тексеріс барысында әйелдің жыныстық мүшесіне жасырылған ондаған құнды бұйым табылған. Ағзадан 15 сырға мен сақина жиынтығы, 7 жеке сақина, 3 сырға, алқа және түрлі түсті 8 білезік тәркіленді.
Департамент тауарды адам ағзасына жасырып алып өту заң бұзудың ең қауіпті әрі өрескел түрі екенін ескертті. Бұл денсаулыққа зиян тигізіп қана қоймай, ауыр жазаға әкеп соғады.
Қазіргі таңда аталған контрабандалық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Енді бұл ісі үшін күдікті әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін.
Соңғы жаңалықтар