Маңғыстауда оқушының жұмбақ өліміне байланысты тергеу басталды

Маңғыстауда оқушының жұмбақ өліміне байланысты тергеу басталды
13.04.2025 15:26
0
86
Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылында 11-сынып оқушысы Сағындық Қуанышбек жұмбақ жағдайда қаза тапты. Марқұмның туыстары оның мотоциклден құлап мерт болды деген нұсқаға күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 8 сәуір күні кешкі уақытта болған. Сағат 21:00 шамасында Сағындық үйінен шығып кеткен, ал екі сағаттан кейін достары оның денесін үйіне жеткізген. Алғашқы болжам бойынша, ол мотоциклден құлап көз жұмған делінген. Алайда ата-анасы жерлеу алдындағы соңғы сәттерде денесінен соққы іздерін байқап, мәйітті Ақтаудағы сот-медициналық сараптамаға жіберген.

Заң консультанттары палатасының мүшесі Ажар Әбділ бұл жайлы Facebook парақшасында жариялап, “бұл оқиға тіркелді ме?” деген сұрақ тастады. Оның айтуынша, алдын ала сараптама нәтижесінде Сағындықтың зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқаны анықталған.

Марқұмның туыстары бұл қайғылы жағдайға ауылдағы “старшактардың” қатысы бар деп санайды. Олардың айтуынша, Сағындықты өзінен үлкен жастар ұрып-соққан. Себебі ол бір үйдің сарайын тазалауға мәжбүрлеуге қарсы болған. Куәгерлердің айтуынша, оны қатардағы басқа жігіттермен бірге ұрып, ауыр жарақат салған.

«Інім күнде жаттығуға барып, спортпен айналысатын. Денсаулығында еш ақау болған жоқ. Бұл – әдейі жасалған әрекет. Оның достары чаттарды түгелдей өшіріп тастаған. Тек інімнің телефоны ғана сол қалпында қалған», – деді марқұмның ағасы Сәкен Қуанышбеков.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда марқұммен бір ауылда тұрған 20 жастағы жігіт күдікті ретінде ұсталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша (адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) тергеу жүргізілуде.

Қаза болған Сағындық Қуанышбек – отбасының жалғыз ұлы, биыл мектеп бітіруге дайындалып жүрген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий