Марқұм Арман Дүйсеновтің жесірі ұлының өліміне қатысты Бас прокурордан көмек сұрады

10.08.2026 16:40 Мөлдір ҚАЙНАР
Марқұм Арман Дүйсеновтің жесірі ұлының өліміне қатысты Бас прокурордан көмек сұрады
681
Фото: әлеуметтік желі

Белгілі композитор Арман Дүйсенов пен оның арада бір жыл өткенде жұмбақ жағдайда қаза тапқан тұңғыш ұлы Абылай Дүйсеновтің өліміне қатысты тың деректер шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Композитордың жұбайы Айсұлу Айданқызы ұлының өзіне қол салды дегенге сенбейтінін білдіріп, журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында Бас прокурор Берік Асыловтан көмек сұрады.

"Дауға салынған пәтерімізді сот арқылы қайтарып алдық. Бірақ екінші тарап ол шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Сот отырысы 11 тамызға белгіленген. Менің қазіргі көмек сұрап отырғаным – ұлымның өліміне қатысты іс. Тергеушілер «Абылай өзіне қол жұмсаған» деп істі жауып тастаған. Ұлыма екі досы қомақты ақша қарыз еді, олар «қайтардық» дегенімен, ешқандай дәлел қағаздары жоқ. Тіпті ұлымның телефонын алғанда соңғы екі айдағы жазбалар өшіріліп кеткен", – деді Айсұлу Айданқызы.

Анасының айтуынша, тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы тергеу нұсқасына мүлде қайшы келіп отыр.

"Біз сарапшыларға қайтадан экспертиза жасаттық. Олар «адам екі қолы артына байланған күйде суицид жасай алмайды» деген қорытынды берді. Сол қорытынды негізінде істі басқа баппен қайта қозғатқымыз келеді. Бірақ менің сөзіме құлақ асып жатқан не тергеуші, не прокурор жоқ. Даусымызды ешкім естімейді. Сол себепті Берік Асыловтан көмек сұраймын", – деп түйіндеді марқұмның анасы.

Войдите, чтобы оставить комментарий