Мектептегі төбелес: Таразда көзінен айырылған 10-сынып оқушысының анасы әділдік іздейді
Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде орын алған төбелестен кейін 16 жастағы оқушы бір көзінен айырылып қалды. Оқиға биылғы жылдың сәуір айында үзіліс кезінде болған. Жәбірленушінің анасы бірнеше айдан бері ұлын мүгедек еткен кінәлілердің әділ жазалануына қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеп.
Жәбірленуші 10-сынып оқушысының айтуынша, дәлізде 9-сынып оқушыларының бірі оны иығынан қағып өткен соң, киім ауыстыратын бөлмеге «сөйлесуге» шақырған. Ол жерде бір топ жасөспірім бірден соққыға жығып, ауыр жарақат салған.
Дәрігерлер ағып кеткен көзді бөлшектеп жинап, жасөспірімге осы уақытқа дейін алты бірдей күрделі ота жасады. Оған қоса, науқасқа тіпті қырымен жатуға тыйым салынып, көз торын сақтап қалу үшін айлап етпетінен жатуға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта жарақаттың асқынуы сау көзіне де қауіп төндіріп тұрғандықтан, ол тағы бір отаға дайындалып жатыр.
Марқұм болудың аз-ақ алдында қалған баланың анасы Зухра Кәрімова тергеудің біржақты жүргізіліп жатқанына ашынады:
«Ұлыма бірнеше адам шабуыл жасағанымен, сотта айыпталушылар орындығында тек бір бала ғана отыр. Қалғандары қалайша куәгер болып шыға келгені түсініксіз. Заң бойынша бұл топтық бұзақылық пен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру ретінде қаралуы тиіс еді. Жоғары инстанциялар бұл былыққа назар аударса екен», – дейді анасы.
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі аталған іс бойынша Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында процесс жүріп жатқанын, іске кәмелетке толмаған тұлғалар қатысқандықтан, сот отырыстары жабық режимде өтіп жатқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар