«Мемлекет асырауға міндетті емес»: Бектенов жұмыс істеуге қауқарлы азаматтарды сынады

20.11.2025 17:43 Арман Ермеков
«Мемлекет асырауға міндетті емес»: Бектенов жұмыс істеуге қауқарлы азаматтарды сынады
0
332
Фото: Үкімет. Суретте: Олжас Бектенов

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бюджет қаржысын үнемдеу және әлеуметтік төлемдерді реттеу мәселесіне қатысты нақты ұстанымын білдірді. Бұл туралы ол Сенат отырысында депутаттардың сауалына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министрдің сөзіне сүйенсек, алдағы үш жылға арналған қазынаны жоспарлау барысында «белдікті қаттырақ бууға» тура келген. Мәселен, базалық шығыстар 15 пайыздан 12 пайызға дейін қысқартылған.

Дегенмен, әлеуметтік салаға түсетін салмақ әлі де ауыр. Қазіргі таңда жалпы мемлекеттік бюджеттің тең жарымынан астамы 60% жәрдемақы мен түрлі қолдау шараларына жұмсалып жатыр.

Бектенов республикалық бюджеттегі бұл шығын ұзақ уақыт бойы 40 пайыздан асып келгенін, тек биыл ғана оны 38 пайызға дейін төмендетудің сәті түскенін алға тартты. Алайда Үкімет басшысының айтпағы тек цифрлар емес, халықтың психологиясы туралы болды.

Ол мемлекеттің көмегі тек тағдыр тауқыметін тартқан, мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана берілуі тиіс деп есептейді. Ал дені сау азаматтарға қатысты Премьердің жауабы қысқа әрі нұсқа болды.

«Түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеуге және өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана мемлекеттен әлеуметтік қолдау алатын болады. Жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі қажет. Мемлекет оларды қамқорлығында ұстамауы керек және ұстамайды да», – деп шорт кесті Олжас Бектенов.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий