Мемлекет басшысы: Сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды

19.05.2026 18:13 Арман Ермеков
Мемлекет басшысы: Сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды
68
Фото Ақорда

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі, тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жаңа Конституциядағы тарихи сабақтастық мәселесіне кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алқалы жиынға әлемнің 20-дан астам елінен арнайы делегация келіп, олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты. Шара барысында Президент қоғамды жаңғырту мен ұлттық мұраны сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, мемлекеттің алдағы стратегиялық бағытын айқындап берді.

«Баршаңызға белгілі, Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз. Сондықтан біз алдымызда тұрған міндетті де жақсы түсінеміз, сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл – ақиқат. Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті. Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий