Мемлекетті 3,7 млрд теңгеге алдаған дәрі жеткізушісі анықталды

05.05.2026 10:34 Арман Ермеков
Мемлекетті 3,7 млрд теңгеге алдаған дәрі жеткізушісі анықталды
559
«Интерфармсервис» ЖШС мемлекетке 3,7 млрд теңге шығын келтірді / Фото: depositphotos.com

Елімізде ауыр дертке шалдыққан науқастардың дәрі-дәрмегінен қыруар қаржы жымқырған ірі алаяқтық әшкереленді. Бес жыл бойы мемлекетті алдап келген дистрибьютор компания бюджеттің 3,7 млрд теңгесін қалтасына басқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлімдеді, деп жазады Politico.kz.

ҚМА мәліметінше, «Интерфармсервис» ЖШС Қазақстанда Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілерді жеткізетін жалғыз әрі негізгі компания болған. Алайда олар осы монополиялық жағдайын өз мүддесіне пайдаланған. Дәрі өндірушісі нақты шекті бағаны бекітіп бергеніне қарамастан, компания басшылығы Біріккен Араб Әмірліктерінде жалған еншілес серіктестік ашып, жеткізу тізбегіне қосқан. Осылайша, жалған мәмілелер арқылы өмірлік маңызы бар дәрінің бағасын қолдан бірнеше есеге өсіріп, мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде орасан зор шығын келтірген.

Күдіктілер мұнымен тоқтап қалмаған. Миллиардтаған заңсыз табысқа салық төлемеу үшін олар түрлі жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасқан сыңай танытып, жалған шот-фактуралар жазып отырған. Осы схеманың көмегімен 4 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, мемлекет қазынасына түсуі тиіс 637 миллион теңге салықтан жалтарған.

Заңсыз байыған кәсіпкерлер жымқырылған қаражатқа қымбат жылжымайтын мүліктерді жаппай сатып алған. Тергеу барысында олардың атына жазылған мынадай дүние-мүлік анықталды:

  • 32 пәтер;
  • 11 автокөлік;
  • 8 жеке тұрғын үй.

Қазіргі таңда мемлекетке келтірілген шығынды өтеу және тәркілеу мақсатында бұл мүліктердің барлығына бұғат қойылды.

Қылмыстық іс аясында екі күдіктіге қатысты үйқамаққа алу шарасы қолданылса, үшінші тұлға кепілмен босатылған.

Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.

Войдите, чтобы оставить комментарий