"Мен сені қазір зорлаймын": Ақтауда қыздарға тиіскен 3 баласы бар еркек ұсталды (ВИДЕО)
Ақтауда көшеде қызды күштеп сүйреп, оған жыныстық зорлық көрсетемін деп қорқытқан ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ер адамның қарсылық көрсеткен қызды күшпен сүйреп бара жатқаны бейнеленген. Оқиға орнына жиналған тұрғындар араша түспек болған кезде, ол жәбірленушіге күш көрсететінін айтып қорқытқан.
«Мен сені қазір зорлаймын», – деді ол видеода.
Бұл бейнежазбаны көрген Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының мүшесі Диляра Турина шабуыл жасаған адамды бірден таныған. Қоғам белсендісінің сөзіне қарағанда, өзара таныс болмаса да, дәл осы азамат осыдан бірнеше ай бұрын оны себепсіз балағаттап, артынша қол көтерген.
Ол кезде іс алдымен әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралып, тек прокуратураға шағымданып, соққыға жығылған сәттің видеосы ұсынылғаннан кейін ғана қылмыстық бапқа ауыстырылған. Алайда сотта кінәсін мойындаған ер адамның 3 баласы бар екені ескеріліп, оған жеңіл жаза тағайындалған. Осы жаңа оқиғадан кейін Диляра Турина құқық қорғау органдарын мәселені мұқият тексеруге шақырды.
Қазіргі уақытта құқық бұзушылыққа барған азамат ұсталып, тиісті тергеу амалдары басталды.
«Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтап, ұстады. Олар Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті тергеу әрекеттері мен процессуалдық шаралар тағайындалды», – деп мәлімдеді Маңғыстау облысы ПД-нен тілшімізге.
Соңғы жаңалықтар