"Менен туған қыздар алғыр болады": Алтынай Жорабаева қызын ұзатуға дайындалып жүргенін айтты
Қазақстандық эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева қызының ұзату тойына дайындалып, жақын арада құдағи атанатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұл туралы «Бүгін Live» бағдарламасына берген сұхбатында айтып, болашақ құдаларына қойған талаптарын да ашық жеткізді.
Әншінің сөзінше, қыз ұзату – жауапты әрі толқытатын кезең, дегенмен ол бұл сәтті сабырмен қабылдап отырғанын айтады. Сонымен қатар, болашақ құдаларына қыз тәрбиесіне қатысты өз ұстанымын да білдірген.
«Қыз ұзатайын деп отырмын. Қыз берген оңайырақ сияқты. Болашақ құдағиларыма кездескенде “менің барынша берген тәрбиемді арықарай алып кетесіздер! Жақсысын асырасыздар, жаманын жасырасыздар” деп айттым», – деді Алтынай Жорабаева.
Әнші көпшілік арасында қалыптасқан пікірге де тоқталып, қыздарының тұрмыстық іске қатысты қабілеті туралы ойын бөлісті. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде өзін көрген жұрт қыздары да дәл өзі сияқты өте пысық деп ойлайды, алайда шынайы өмірде әркім өз жолымен үйренетінін жеткізді.
«Қызымды сұрағандарға “үйіңе барып, банка жауып береді деп күтіп отырасыз ба?” деймін. Жоқ. Маған да әке-шешем ештеңе үйреткен жоқ. Олар өздері істеп жүрді, біз қарап жүріп үйрендік. Тұрмысқа шыққаннан кейін бәрін өзіміз меңгердік», – деді ол.
Сөз соңында өнер иесі қыздарының алғыр екенін атап өтіп, олардың кез келген іске бейімделе алатынына сенімді екенін айтты. «Айнарам да қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Сондықтан көңілім орнында», – деп түйіндеді әнші.
Соңғы жаңалықтар