"Менің жеке бақылауымда болады": Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

11.08.2025 14:45
0
163
Сурет Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуды еліміз үшін стратегиялық маңызы айрықша міндет деп атап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Мемлекет басшысы осы саладағы жұмыстардың орындалу барысы көңіл көншітпейтінін («мәз емес» деп бағалады) айтып, алдағы бес жылда Қазақстан толыққанды «цифрлық мемлекетке» айналуы керектігін қадап айтты. Президент бұл мақсаттың орындалуын жеке бақылауына алатынын мәлімдеді.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы бәсекенің күшейгеніне тоқталып, АҚШ пен Қытайдың стратегияларын мысалға келтірді. Ол Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу екенін, бірақ ол үшін нақты іске көшу керектігін атап өтті. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдардағы «қағазбастылықты цифрлық форматқа көшіруден» тиімділік артпайды, сондықтан Үкіметке үш ай ішінде мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект көмегімен толық өзгерту бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, киберқауіпсіздік саласындағы құзыреттердің әртүрлі органдар арасында «шашыраңқы» екенін сынап, бұл жағдайды тез арада түзетуді талап етті. Президент қызметтік коммуникациялардың басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асатынын, бұл ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін айтып, барлық коммуникацияны қорғалған отандық Aitu мессенджеріне көшіруді пысықтауды жүктеді.

Президент сөзін қорытындылай келе, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту туралы кешенді құжат әзірлеуді тапсырды. Ол негізгі шешімдер мен ұсыныстарды екі айдың ішінде дайындап, өзіне көрсетуді талап етті.

– Біздің міндетіміз – қарым-қабілеті жоғары жастарға қолайлы инновациялық экожүйе қалыптастыру. Жалпы айтқанда, оларға барлық жағдайды жасау, қол ұшын беру. Сондай-ақ тың бастамаларды жедел жүзеге асыруға ықпал ететін құрылымдар мен зерттеу орталықтарын ашу керек. Цифрлық технология саласындағы халықаралық байланыстарды нығайта түскен жөн. Сонда ғана Қазақстан Еуразияның цифрлық хабы ретінде танылмақ. Жасанды интеллектіні дамыту – еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Бұл міндет Қазақстанның болашағымен тікелей байланысты. Еліміз міндетті түрде озық, дамыған болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бүгінгі жиында бірқатар маңызды міндеттерді айқындадық. Барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа жеке сектор өкілдерін де қосу керек. Себебі, бұл – жалпыұлттық мақсат. Цифрлық даму министрлігі басты үйлестіруші орган ретінде өзара байланысты қамтамасыз етуге тиіс. Уақыт өте тығыз, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Жасанды интеллектіге қатысты негізгі шешімдер мен ұсыныстарды екі айдың ішінде дайындап, маған көрсету қажет, – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий