Мешітке барған Назарбаев нені меңзеді?

Мешітке барған Назарбаев нені меңзеді?
25.06.2025 09:58
0
1301
Фото: muftyat.kz
Экс-президент Назарбаевтың соңғы әрекеттеріне сараптама

НАЗАРБАЕВТЫҢ МЕШІТКЕ КЕЛУІ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТЕКЕТІРЕСТІҢ КӨРІНІСІ БОЛУЫ МҮМКІН

21 маусымда экс-президент Н. Назарбаев Астанадағы Орталық мешітке барды. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. Себебі әлеуметтік желіде мешітте жиналғандардың Назарбаевты жылы қабылдаған видеосы кең тарады. 

Соңғы бір айда Н. Назарбаев туралы екі ірі жаңалық шықты. Бұған дейін, 29 мамырда ол Мәскеуде Ресей президенті В. Путинмен кездескен еді. Бұл жаңалықтар кездейсоқтық па, әлде саяси астары бар ма? 

Тоқаев идеологиялық алшақтауды, ал Назарбаев текетірес жолын таңдады

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасында идеологиялық қарама-қайшылық белгілері көріне бастады. 

Тоқаев 2022 жылдан бері ескі биліктен идеологиялық алшақтай бастады. 2022 жылғы Конституциялық реформа, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау, жаңа парламенттің қалыптасуы, Елбасы институтының жойылуы, 1 желтоқсан мерекесінің саяси мәнін өзгерту, Республика күнін қайтару секілді бастамалар алшақтаудың белгілері болып саналады. 

Бірақ бұл қадамдар экс-президентпен тікелей күрес емес, оның мұрасын институционалды тұрғыда өзгерту әрекеті. Себебі Тоқаев 2023 жылы 24 қазанда Республика күніне орай өткен шарада Назарбаевтың тарихи рөлін ұмытпауға шақырды. Оның сөзінен ымыраға келуге бірінші болып қадам жасағанын байқаймыз.  

Алайда 2024 жылы 3 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатта президент: «Кеттің бе – қайы¬рыл¬ма!», - деп тағы бір месседж жіберді. Себебі Назарбаев идеологиялық текетірес жолын таңдады. 

2023 жылы 1 желтоқсанда экс-президенттің «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты мемуарлық туындысы жарыққа шықты. 12 желтоқсанда «Astana club» форумында Назарбаев соңғы 30 жылда сыртқы саясаттағы жетістіктері мемуарда жазылғанын айтқан. 

Форумда айтылған сөздердің саяси астары бар. Себебі Тоқаев биыл «Ana tili» газетіне берген сұхбатта, 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында Назарбаевтың 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуі билік дағдарысына әкеп соқтырған оқиға деп атады. 

Назарбаев текетіресті жалғастыра ма?

Астанадағы Орталық мешіт діни құрылыс ғана емес, экс-президент билігінің символы. Себебі Назарбаев 2019 жылы 18 наурызда биліктен кетпес бұрын мешіттің негізін қалады.

Сондықтан оның мешітке келуінің саяси астары бар. Біздің ойымызша Мәскеуге сапары мен мешітке баруы Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты мен 19 наурыздағы Мәжіліс спикері Қошановтың Назарбаев құрған режимді сынаған сөздеріне жауабы болды. 

Алайда ол идеологиялық текетіресті жалғастыра ма деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі Назарбаевтың іс-әрекеттерінен екіұшты ой қалыптасады. 29 мамырда В. Путинмен кездескеннен кейін қоғамда Назарбаевқа қарсы сын артып еді. Бұған экс-президенттің кеңесшісі, әрі баспасөз хатшысы А. Үкібай былай деп жауап берді: «Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырту алған болатын. Алайда объективті себептерге байланысты ресми мерекелік күндерде қатыса алмады және Мәскеуге кейінірек, жеке тәртіпте барды». 

В. Путин Жеңіс күнін атап өтетін шараға екеуін де қатар шақыруы түрлі сұрақ тудырады. А. Үкібайдың айтқан «объективті себептер» дегені осы болар. Яғни, Назарбаев 9 мамырда Мәскеуге бармай, Тоқаевқа саяси жол берді. Алайда мұның өзге де себебі болуы мүмкін. Ол Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы тараған ақпарат. А. Үкібай бұл ақпаратты жоққа шығарды. Алайда «Orda» С. Назарбаеваның қайтыс болғаны жайлы ақпараттың рас екенін бірнеше рет хабарлаған. Ал «Elmedia» экс-президенттің 21 маусымда мешітке баруын С. Назарбаеваның қырқымен байланыстырды. Осы орайда мынадай заңдылықты байқаймыз. Назарбаевтың әр белсенділігі отбасындағы қайғылы оқиғамен тұспа-тұс келеді. 2023 жылы қарашада Б. Назарбаев қайтыс болған, ал биыл жоққа шығарылса да С. Назарбаева туралы ақпарат тарады.

Қалай десек те, Назарбаевтың Әділетті Қазақстанмен идеологиялық текетіресі жалғаса ма, жоқ па алдағы уақыттағы іс-әрекеттерінен байқауға болады. Егер 6 шілде, 1 желтоқсан секілді өз атымен байланысты күндерде ақпараттық кеңістікте бой көрсетсе, текетірес әлі жүріп жатыр деген сөз. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий