"Титокерлер, стартаперлер емес": Үндемей істеп, ел асырап жүрген сала

29.07.2025 11:50
0
171
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: banki.ru, kazpravda.kz)

Нағыз экономика шахтада

Экономист әрі қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетов Қазақстандағы металлургия саласына ерекше баға берді. Оның айтуынша, мұнай ОПЕК+ шешіміне бағынып, газ халықтың конституциялық құқығына айналып бара жатқанда, елімізде үндемей, дабырасыз жұмыс істеп жатқан бір саламыз бар – ол тау-кен металлургия кешені.

“Металлургтер жерді қазып, кенді байытып, одан металл жасап жатыр. Айғай жоқ, дүрлікпе жоқ. Тек жұмыс. Бұл шын мәнінде ел экономикасының тірегі”, – дейді сарапшы.

Рысмамбетов тау-кен металлургияны Қазақстан экономикасының нағыз қозғаушы күші деп сипаттап, нақты сандармен дәлел келтіреді. Мәселен, 2024 жылы:

  • KAZ Minerals – 480 млрд теңге салық төлеген,
  • ERG – 352-353 млрд теңге (60 мыңнан астам жұмыс орны),
  • Қазақмыс – 348 млрд теңге (оның 70-80 миллиарды – Ұлытаудың бюджетіне),
  • KazZinc – 87-88 млрд теңге (экология мәселесі бөлек әңгіме),
  • Qarmet – 117 млрд теңге.

Бұл тек салық бөлігі ғана. Ал бұның артында 300 мың тікелей қызметкер тұр. Егер мердігерлер мен логистика, тамақтану, жөндеу салаларын қоссаңыз жарты миллион адам тау-кен металлургиясының арқасында нәпақа тауып отыр. Тиктокерлер де емес, стартапер де емес – шахтаға түсіп, темір қорытып жатқан қарапайым жұмысшылар.

Сарапшының пайымынша, Тау-кен металлургия – болашаққа салынған инвестиция ғана емес, дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбек. Мұнай сияқты алып инвестиция мен сыртқы саясатқа тәуелді емес. Бұл ел ішінде өндірісті өркендетуге мүмкіндік беретін сала. Мыс, темір, ферросплавтар, уран, алтын бәрі бар. Ең бастысы, оларды өңдеп, дайын тауар шығару қолымыздан келеді.

“Біз металлургияны ойлап тапқан елміз. Ұлы Алтайдан бастау алған темір дәуірі біздің территорияда туған. Ата-бабамыз алғаш қылышын осы жерде соқты. Бұл біздің тарихи құқымыз”, – дейді Рысмамбетов.

Ол сондай-ақ бұл саланың іргетасын қалаған Қаныш Сәтбаевтың еңбегін ерекше атап өтті. Ұлы ғалым кезінде Одақтың орталық бюджетінен 1 млн рубль алып, жер астында жатқан байлықты ел экономикасына қызмет еткізе білді. Ал бүгінде әлем қайтадан сенімді шикізат жеткізушіні іздеп жатқан тұста Қазақстан тарихи мүмкіндіктің алдында тұр.

Сарапшының қорытындысы айқын:

Қазақстанның өз өткенін болашаққа айналдыруға мүмкіндігі бар. Жай ғана кенді экспорттау емес, технологияны импорттау және қайта бөлу мен конструкцияларды экспорттау. Қалай? Шикізат жеткізуде жергілікті өңдеушілердің басымдығы бар екенін айтқан сияқты. Енді ең бастысы - пайдалану.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий