Мейрамбекті жамандыққа қимаймын -Тоқтар Серік

Қазақ эстрадасының танымал әншісі Тоқтар Серік жақын достары Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиевпен құда болғысы келмейтінін ашық айтты. Ол бұл пікірін “Әйгерім Сейфолланың сырласуы” бағдарламасында білдіріп, өз жан-дүниесінің терең түкпірінен шыққан шынайы сезімін жеткізді.
Тоқтардың айтуынша, Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиев тек дос қана емес, туысындай болып кеткен ерекше жандар. Әнші олардың балаларымен құда болу туралы ойдың өзінен жүрегі ауыратынын жасырмады.
Мейрамбекті досым емес, ағайынымдай жақсы көремін. Біз егіздей бірге өстік. Ертең балаларымыз жарасып, оның қызы менің ұлыма бұйырса, үлкен күйзеліске түсуім мүмкін. Өйткені, мен Мейрамбегімді ешқашан жамандыққа қимаймын. Ол менің жан-дүниемнің жартысына айналып кеткен адам, – деді ол.
Сол сияқты Сәкен Майғазиевпен де бала кезден бері бірге келе жатқанын айтып, олардың арасындағы туыстық сезімді ерекше атап өтті. Балалары бір-біріне сезім білдірсе де, ол үшін бұл тым ауыр болатынын жеткізді.
Мен оларды жауға да, дауға да бермеймін. Құда болсақ, өкпешіл қазақпыз ғой. Бір реніш өмірді бұзып жіберуі мүмкін. Сондықтан, мен достарыммен дос болып қалғым келеді”, – деп түйіндеді Тоқтар Серік.
Бұл шынайы сөздер әнші мен қазақ эстрадасының жұлдыздары арасындағы терең достық пен рухани жақындықты айқын көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар





