Миллиардер поло ойынында ара жұтып, қайтыс болды

Үнді миллиардері және Ұлыбритания ханзадасы Уильямның жақын досы, Англияда поло ойыны кезінде араны байқамай жұтып қойып, анафилаксиялық шок салдарынан қайтыс болды. Ол 53 жаста болған.
Mirror басылымының хабарлауынша, Sona Comstar автокомпоненттер өндіретін әлемдік компанияның төрағасы матч кезінде кенеттен есінен танып қалған. Кейін белгілі болғандай, оның аузына түскен ара шағып, бұл жағдай жүрек талмасына алып келген.
Санджай Капур Британияда білім алған және бірнеше сағат бұрын Air India әуе апаты құрбандарына құрмет білдірген. 1985 жылғы бұл апатта 241 адам қайтыс болған еді.
Мамандардың айтуынша, ара шағуы ауыз қуысында немесе тамақ маңында орын алса, бұл тыныс жолдарының ісінуіне, демалудың қиындауына және қан қысымының күрт төмендеуіне алып келіп, жүрек тоқтауына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар әсіресе аллергиясы бар адамдар үшін аса қауіпті.
Санджай Капур поло спортында белсенді болған, ханзада Уильяммен және корольдік отбасының басқа мүшелерімен жиі бірге ойнаған. Капур жиі Англияның әр түкпірінде өтетін элиталық жарыстарға қатысып, корольдік ортада құрметке ие болған.
Санджай Капур бұрын Болливуд актрисасы Карисма Капурмен некеде болған. Олар екі бала – Самайра мен Киан – тәрбиелеген. 2016 жылы ажырасқаннан кейін, 2017 жылы ол Прия Сачдев есімді модельге үйленіп, 2018 жылы Азариас есімді ұл дүниеге келген.
Соңғы жаңалықтар





