Миллиардер Розыбакиевадағы MEGA-ның алдын бұзып, жаңа ғимарат салмақ

28.04.2026 17:47 Арман Ермеков
Миллиардер Розыбакиевадағы MEGA-ның алдын бұзып, жаңа ғимарат салмақ
382
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы MEGA сауда орталығының алдында орналасқан Fitnation фитнес клубы мен шолу дөңгелегі жақын арада сүріліп, орнына мүлдем басқа коммерциялық нысан бой көтереді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Forbes Kazakhstan ютуб арнасына берген сұхбатында белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов мәлімдеді. Биыл мамыр айында миллиардер сауда орталығының алдындағы фитнес клубты 2,55 млрд теңгеге сатып алған болатын. Журналистің бұл қадам спорт саласына бет бұрумен байланысты ма деген сауалына кәсіпкер нақты жауап беріп, ғимараттың тек бұзу үшін ғана алынғанын жеткізді.

«Құлаққа түрпідей естілсе де айтайын, біз оны сүріп тастау үшін алдық, 1 маусымнан бастап бұзу жұмыстары басталады. Ал мына тұрған шолу дөңгелегін бөлшектеп басқа жерге апарамыз, сөйтіп бұл аумақта жаңа нысан бой көтереді», – деді бизнесмен.

Ол босаған орынға нақты қандай ғимарат салынатынын әзірге құпия ұстап отыр. Кәсіпкердің айтуынша жаңа жобаны алдымен қала құрылысы кеңесімен ақылдасып, тиісті рұқсат алу қажет. Дегенмен ол бұл нысанның қала көркін ашатын, алматылықтар мақтан тұтатын ерекше әрі халыққа пайдалы ғимарат болатынын атап өтті. Оған қоса жаңа нысанның мұражай емес, табыс әкелетін коммерциялық орталық болатыны белгілі болды.

Нұрлан Смағұлов 2026 жылы $1,3 млрд байлығымен алғаш рет Forbes журналының жаһандық миллиардерлер тізіміне кірген болатын.

Айта кетейік, аталған спорт кешені бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың иелігінде болған. Алайда 2023 жылдың қазан айында оның активтерін мемлекетке қайтару аясында Fitnation желісі Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өткен еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий