Министр тікелей эфир кезінде инсульт алды

Сербияның қаржы министрі Дарко Глишич таңғы телебағдарламаға қонақ болып отырған сәтте тікелей эфирде инсульт алды.
Шенеунік жүргізушінің сұрағына жауап бере алмай қалған соң, студияға жедел түрде дәрігерлер шақырылды. Бұл оқиға туралы сербиялық Blic басылымы хабарлады.
Инцидент Pink телеарнасында орын алды. Интернетте жарияланған эфир жазбасында министрдің денсаулығы нашарлағанына қарамастан, әңгімені жалғастыруға тырысқаны байқалады. Жүргізушілер оның жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Тікелей эфирді дереу тоқтатып, Дарко Глишич ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, телестудия ауруханаға жақын орналасқан.
Операциядан кейін министрді ел президенті Александар Вучич ауруханада барып көрді. Оның айтуынша, тексеру кезінде министрдің мойнындағы ұйқы артериясында жыртылу және бөліну анықталған. Нәтижесінде миға қан құйылып, гематома пайда болып, инсультке себеп болған.
Вучич министрдің сөйлеуі әлі толық қалпына келмегенін, бірақ оның сөйлей бастағаны — оң өзгеріс екенін атап өтті:
«Ол оң қолы мен оң аяғын қимылдата алады — бұл өте маңызды жақсарулар. Жағдайы нашарлаған сәтте оны дер кезінде айтуы да жақсы болды».
Соңғы жаңалықтар





