«Моральдық қысым көрсетілген»: Көкшетау соты әкімшілігі басшысының жұмбақ өліміне байланысты іс қозғалды
Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсеков мезгілсіз көз жұмды. Марқұмның жақындары бұл оқиғаның астарында қызметтік қысым барын айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz.
Қара жамылған отбасының мәліметінше, Дүйсеков соңғы айларда жұмыс орнында ұдайы психологиялық әрі моральдық қысымға ұшыраған. Атап айтқанда, оған негізсіз тәртіптік жазалар қолданылып, тіпті қызметтік пәтерден шығару мәселесі де қозғалған көрінеді. Осыған байланысты марқұмның туыстары лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Бұған қоса, Аян Дүйсековтің қазасынан кейін осы іске қатысы бар делінген кейбір лауазымды қызметкерлер кенеттен еңбекке жарамсыздық парағын (больничный) аштырып, жұмыстан кетуге әрекеттеніп жатқаны айтылды. Туыстары бұл деректің де жіті тексерілуін талап етуде.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған қайғылы жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
«Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, қайғылы оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Соңғы жаңалықтар