«Жауапқа тартуды талап етеміз»: Аян Дүйсековтің жақындары не дейді?
Көкшетау қалалық сотының әкімшілігін басқарған Аян Дүйсековтің анасы ұлына қызметтік пәтерді босатуды талап етіп, күніне бірнеше рет қоңырау шалғанын айтты. Ал жұбайы оған екі судьяның жеке қарым-қатынасы туралы ақпаратты таратты деген жала жабылғанын мәлімдеді. Жақындары марқұмның өліміне жұмыстағы қысым себеп болды деп есептеп, тергеудің ашық жүргізілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Анасы Тоты Хасенованың айтуынша, Аян төменгі қызметтен бастап, өз еңбегімен басшылыққа дейін көтерілген. Алайда соңғы айларда жұмыстан шақырту жиілеп, үстінен арыздар түсіп, бірнеше рет сөгіс алған. Осы кезде қызметтік баспананы босату талабы да қойылған, дейді анасы.
«Аян сұраған екен: “Маған бір жұма уақыт беріңіз. Қазір студенттер келіп жатқан уақыт. Мен әлі пәтер таба алмай жатырмын”. “Жоқ, күте алмаймыз. Саған срок 12 қыркүйек, пәтерді босат” деген. Сол пәтерді босат деп бәлен рет күніне звондайды», деді Тоты Хасенова.
Жұбайы Жанар Дүйсекова қысымды отбасылы екі судьяның жеке кездесулері туралы әңгімемен байланыстырады.
«Аянға сол құпияны басқа адамдарға жайып салды деген жала жабылды. Содан кейін сот, ұлттық қауіпсіздік комитеті соңынан қалмады. Бір айда екі рет сөгіс берген», деді ол.
Жанар Дүйсекова соттың екі қызметкерін кінәлі санайтынын айтып, «Жауапқа тартуды талап етеміз» деді.
Туыстарының сөзінше, Аян қайтыс болар алдында жарына хабарлама жазып, кешірім сұраған, бәрінен шаршағанын айтқан. Ол қызметтік пәтерінде өлі табылған.
Ақмола облысының сот әкімшілігі бұған дейін қысым болғанын жоққа шығарып, сөгіс еңбек тәртібін бұзғаны үшін берілгенін, пәтерді қайтару мәселесі көтерілмегенін мәлімдеген.
Полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Аянның артында жары, бір жарым жасар қызы мен үш жастағы ұлы қалды.
Соңғы жаңалықтар