Мұхтар Шахановтың қайда жерленетіні нақтыланды

20.04.2026 20:38 Қанат Айбар
Мұхтар Шахановтың қайда жерленетіні нақтыланды
561
Мұхтар Шаханов Отырарға жерленетін болды. Фото: Қазақстан жазушылар одағы

84 жасында өмірден өткен халық жазушысы Мұхтар Шаханов Алматыдағы Кеңсай зиратына емес, Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қоғам ауылдық зиратында жерленетін болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан жазушылар одағы қоғам қайраткерімен қоштасу рәсімі 21 сәуір күні сағат 9-да Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өтетінін мәлімдеді.

Ал жаназасы мен жерлеу рәсімі 22 сәуірде таңғы сағат 10-нан бастап Түркістан облысы Отырар ауданындағы Жаңа Шілік және Қоғам ауылдарында ұйымдастырылып, артынша Шәуілдір ауылындағы "Жұлдыз" мейрамханасында марқұмның асы беріледі.

Ұлт тұлғасы аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 19 сәуір күні дүниеден өткен еді. Осыдан кейін марқұмның жары Ханшайым Шаханова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш жазып, ақынның соңғы аманаты бойынша оны қасиетті Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеуді сұраған.

Мемлекет басшысы Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтқанымен, алғашында марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына қоятыны туралы ақпарат тарады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Арыстан баб тарихи нысан болғандықтан, ол аумаққа адам жерлеуге болмайтынын айтып пікір білдірген.

Алайда кейіннен Шахановтың немересі атасының Отырардағы қорымға жерленетінін жеткізді.

Осылайша жазушылар одағы бұл ақпаратты ресми түрде растап, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу кестесін жариялады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий