Мұнайшыларды ереуілге шығармақ болғандар ұсталды ма: ҰҚК жауап берді
Жаңаөзенде мұнайшыларды жаппай ереуілге шығаруға әрекеттенді деген күдікпен бір топ адамның ұсталуына қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берді. Ведомство сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Жаңаөзенде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлескен операция жүргізіп, бірнеше адамды ұстағаны хабарланған еді.
Тараған ақпаратқа қарағанда, ұсталғандар мердігер ұйымдардың басшыларымен сөз байласып, өңірде ереуіл ұйымдастырып келген қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін.
Дереккөздердің мәліметінше, олар мұнайшыларды жаппай наразылыққа шығарып, сол арқылы «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаржы өндіріп алуды көздеген.
Осы ақпаратқа байланысты Politico.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.
Дереккөздер бұған дейін тағы бір жайтты хабарлаған. Олардың мәліметінше, талаптары орындалмаған жағдайда күдіктілер мұнайшылардың наразылығын пайдаланып, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларын қайталауға әрекеттенуі мүмкін болған.
Соңғы жаңалықтар