"Мұқағали көп ақынның бірі...": тарихшы ақын жайлы өз ойын ашық айтты
Тарихтағы ұлы тұлғалардың ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі жайында тарихшы Хангелді Әбжанов өз көзқарасын білдірді.
Ол бұл туралы Aiqyn газетіне берген сұхбатында айтты.
«Менің түсінігімде, ұлы тұлға – адамзат өркениетіне олжа салған және сол олжасы күні бүгінге дейін өзінің жемісін беріп келе жатқан адам. Айтайық, Шәмші Қалдаяқов музыкасымен, Қаныш Сәтбаев ғылымымен ұлы тұлға болды. Олардың қалдырған мұрасы әлі де жұмыс істеп тұр. Жезқазған қаласы – экономикалық әлеуетіміздің іргесін қалап жатыр. Қазір той-жиындардың бірде-бірі Шәмшінің әндерінсіз өтпейді. Тіпті оның әні жылдар өте келе мемлекеттік әнұранымызға айналды. Тарихта халқымыз бәсекеге қабілетті болғанының бір көрінісі – осы», – деді тарихшы.
Оның айтуынша, кейде қазақ қоғамы ұлы тұлғаларды уақытында тани бермейді.
«Димаш Құдайбергенді біз әнші ретінде танымай қалдық. Димаштың бағын ашқан – Қытайда өткен байқау мен сол елдің мамандары. Әйтпесе, біздегі қыз-жігіттер кезінде оған “өлең айтпай-ақ қой” деп те ақыл айтқан. Кезінде Мұқағалиды да қазақ қоғамы толық мойындай алмады. Халық құрметтеді, жақсы көрді, бірақ саясат оны қолдаған жоқ. Сөйтіп, Мұқағали көп ақынның бірі болып қала берді», – дейді ол.
Тарихшының сөзінше, ұлыларды тану оңай емес, бірақ олар уақыт өте өз бағасын алады.
«Шын ұлы шығармасы бар адамдар кезі келгенде міндетті түрде белгілі болады. Ал ұлы тұлғаларсыз халықтың күш-қуаты артпайды, танымы көтерілмейді. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысты құбылыс. Біз бір ұлыны танымасақ, мойындамасақ, онда тарихымыз жапа шегеді, болмысымыз ашылмайды, беделімізге нұқсан келеді. Ұлыларды тани білу де – сынақ. Ол сынақтан өте білу де – сынақ», – деп түйіндеді Хангелді Әбжанов.
Соңғы жаңалықтар