Мұрат Досмұратов қайтыс болды

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Мұрат Әбиұлы Досмұратов қайтыс болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Бүгін, 29 қыркүйекте, таңертеңгі сағат 10:00 шамасында Атыраудағы Somerset қонақүйінде «КМГ Инжиниринг» ЖШС-нің мұнай өңдеу және мұнай-химия жөніндегі басқарушы директоры Мұрат Досмұратов кенеттен қайтыс болды. Ол бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарған болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, оның жүрегі тоқтап қалған. Жедел жәрдем қызметкерлері келгенше көз жұмған, дәрігерлер тек оның қайтыс болғанын растады.
Мұрат Досмұратов «КМГ Инжиниринг» компаниясындағы жаңа қызметіне 2025 жылдың 15 қыркүйегінде ғана тағайындалған еді. Ол жаңа орнында небәрі екі апта жұмыс істеп үлгерді.
Досмұратов мұнай-газ саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында оған «қызметтік өкілеттіктерін тиісінше орындамады» деген айып тағылған болатын. Алайда, 2025 жылдың тамыз айында сот оны кінәсіз деп танып, толықтай ақтап шыққан еді.
Мұрат Досмұратов 1963 жылы 13 наурызда дүниеге келген.
Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын бітіріп, инженер-химик-технолог мамандығын алған. Техника ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын қарапайым технологиялық қондырғылар операторы болып бастап, Шымкент мұнай өңдеу зауытында цех бастығының орынбасары, зертхана бастығы, бас технолог сияқты түрлі қызметтерді атқарды. Кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында және оның еншілес мекемелерінде басшылық лауазымдарда болды. 2022 жылдың шілдесінен 2024 жылдың сәуіріне дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарды.
Бірнеше мемлекеттік наградалармен, оның ішінде «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен және Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар





