Мысыр әуежайында көз жұмған келіншектің денесі елге қашан қайтады? — СІМ

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мысырда қаза тапқан Қазақстан азаматы Ақмарал Мұқанованың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қуантыров Мәжіліс кулуарында бүгін марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілуі тиіс екенін айтты.
"Мәйітті жөнелту бүгін жоспарланып отыр, барлық рәсімнен кейін орындалады. Менің білуімше, Мысыр тарапынан қаржыландырылады. Моральдық өтемақы бойынша да мәселе шешілген. Сонымен қатар, бұл сапарға сақтандыру ұсынған қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске қосылды. Жеңіл жарақат алған екі азаматша да елге оралды", – деді Қуантыров.
Журналистер Ақмарал Мұқанованың қазасы бойынша қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанын сұрады. Министрдің орынбасары бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын, ал қылмыстық іс туралы өзіне белгісіз екенін айтты.
"Мысырдың азаматтық авиация министрлігі құрған комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша нақты айта алмаймын, өйткені... Алдымен тергеу рәсімі жүреді. Бірақ, менің ойымша, егер тереңірек тергеу жүргізілсе, қазақстандық тарап та қатысады. Дегенмен, бұл мәселе біздің бақылауымызда", – деді ол.
Соңғы жаңалықтар





