«Нәлібаевтың командасы»: Қызылорда облысының әкімнің жақын айналасы кімдерден тұрады?

18.02.2026 20:33 Қарақат АСЫЛОВА
«Нәлібаевтың командасы»: Қызылорда облысының әкімнің жақын айналасы кімдерден тұрады?
20
Қызылордада “әулеттік билік” күшейіп жатыр ма?

Соңғы уақытта Қызылорда облысы ел назарында. Өңірде жақында Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтай отырысы өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

 Мемлекет басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын оң бағалап, жергілікті биліктің жұмысына жоғары баға берген болатын. Ресми деректерге сәйкес, облыс халқы 845 мыңнан асып, жалпы өңірлік өнім көлемі 3,1 триллион теңгеге жеткен.

Аймақты бүгінде аким Нұрлыбек Нәлібаев басқарады. Алайда кез келген өңір басшысының жұмысы оның командасына тікелей байланысты. Облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлерінің өмірбаянына үңілгенде қызықты сәйкестіктер байқалады — олардың көпшілігінің әкелері де мемлекеттік қызметте жоғары лауазым атқарған.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай 2022 жылдан бері өңірде қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар ол «Байқоңыр» кешені бойынша Президенттің арнайы өкілі. Бұған дейін Қармақшы ауданын басқарған. Оның әкесі Рызақұл Нұртаев та дәл осындай қызмет жолынан өткен: инженерліктен бастап, облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейін көтерілген, Қармақшы ауданын басқарған әрі Байқоңырда арнайы өкіл болған. Яғни, қызметтік траектория айтарлықтай ұқсас.

Тағы бір орынбасар Ардақ Зебешев — «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда білім алған. Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінде және «Самұрық-Қазына» құрылымдарында еңбек еткен. Оның әкесі Темірхан Зебешев те техникалық салада, инженерлік құрылымдарда басшылық қызмет атқарған.

Мейрамбек Шермағанбет еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, кейін аудандық және облыстық білім саласында басшылыққа көтерілген. Оның әкесі Зинабдин Шермағамбетов те дәл осындай жолдан өткен — ұстаздықтан бастап, аудан әкімінің бірінші орынбасарына дейін қызмет еткен, «Құрмет» орденінің иегері.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедьяров бұған дейін Президенттің баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Ал оның әкесі Мереке Мұхамедьяров — Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі.

Аппарат басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров заңгер-экономист. Оның әкесі Әмірхан Бәкірұлы прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған, кейін облыстық деңгейде жауапты лауазымдарда болған.

Ал ең жас басшылардың бірі Дінмұхамед Ермеков — орталық мемлекеттік органдарда тәжірибе жинақтаған маман. Оның әкесі Жандарбек Далабаев Алматы облысында бірқатар ауданға әкім болған.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қызметте тәжірибелі отбасынан шығу мансап жолында артықшылық беруі мүмкін. Себебі бала кезден басқару мәдениетін көріп өскен буынның жүйені түсінуі жылдам болады. Дегенмен қоғамда «әулеттік басқару» туралы сұрақтар да туындайды.

Айта кетейік, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтің де отбасы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Оның ағасы — белгілі мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев.

Қызылорда облысында қалыптасқан бұл үрдіс жай сәйкестік пе, әлде мемлекеттік басқарудағы отбасылық сабақтастық па? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда бір нәрсе анық: өңірдің басқарушы элитасында әке жолын жалғаған буынның үлесі басым.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий