Наурызға сахна безендіріп жүрген ер адам қаза тапты

Наурыз мейрамын тойлауға сахна дайындап жүрген жұмысшы биіктіктен құлап, қаза тапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Жезқазғандағы облыстық әкімдік алдындағы алаңда Наурызға сахна безендіріп жүрген ер адамның биіктіктен құлап, ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат тарады. Ол билбордқа мерекелік плакат іліп жатқан кезде үш метрден астам биіктіктен құлап кеткен.
Ұлытау облысының әкімдігі бұл қайғылы оқиға 14 наурызда Жезқазғандағы “Алаша” алаңында болғанын мәлімдеді. Жеке кәсіпкерліктің басшысы, азамат В. сахнаны безендіру кезінде үш метрден жоғары биіктікте жұмыс істеген. Құлау салдарынан ол түрлі дәрежедегі жарақат алған. Жедел жәрдем келгенше есін жоғалтпаған.
“Азамат Жезқазған көпсалалы ауруханасына жеткізіліп, оған ота жасалды. 18 наурызға дейін жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған. Алайда сол күні қан қысымы күрт көтеріліп, ол қайтыс болды”, – деп хабарлады әкімдік.
Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауда ұстайды.
Әкімдік марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар





