Назарбаевтың бұрынғы құдасы түрмеден шықты

Назарбаевтың бұрынғы құдасы түрмеден шықты
Фото: әлеуметтік желіден

Қазақстандағы Назарбаевтар әулетімен құдандалы болған Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак түрмеден босатылды. Ол қалған жазасын үйқамақта өтейтін болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Малайзияның мемлекеттік Bernama ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 10 қарашада Куала-Лумпурдың Жоғарғы соты Разакты үйқамаққа ауыстыруға біржола рұқсат берген. Сот шешіміне сәйкес, ол жазасының қалған бөлігін үйқамақта өтей алады.

Бұған дейін Малайзияның бас прокуроры оның түрмеден шығуына уақытша тосқауыл қойған еді. Ол 6 қарашада қабылданған босату туралы шешімді қайта қарауды сұрап, оның 18 қыркүйекте сұлтан Ибраһим берген рақымшылық шарттарына сәйкестігін тексеруді талап еткен.

73 жастағы Разактың 50 миллион ринггит (12 миллион доллар) көлеміндегі айыппұлын өзі жетекшілік еткен UMNO партиясы өткен аптада төлеген. Ақша Куала-Лумпур Жоғарғы сотының кеңсесіне аударылған. Бұл бұрынғы премьерді үйқамаққа ауыстырудың негізгі шарттарының бірі болған.

2009 бен 2018 жылдары Малайзияның премьер-министрі болған Наджиб Разак 2022 жылдан бері түрмеде отырған. Ол Малайзияның 1Malaysia Development Berhad (1MDB) мемлекеттік қорынан миллиардтаған доллардың жымқырылуына қатысты жемқорлық және ақшаны жылыстату ісі бойынша сотталған. Аталған қорды құруға Разактың өзі 2009 жылы атсалысқан.

Бастапқыда ол 12 жылға бас бостандығынан айырылып, 210 миллион ринггит (шамамен 50 миллион доллар) айыппұл төлеуге міндеттелген. Алайда 2024 жылы Малайзия билігі оның түрме жазасын екі есе қысқартып, айыппұлын 50 миллион ринггитке дейін азайтқан.

Ал Разактың Назарбаевтар әулетіне қандай қатысы бар?

Ол – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның құдасы. Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаев 2015 жылы Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджуаға үйленген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу