"Нұрғанат суицид жасаған жоқ". Ғайыпбаевтың әпкесі бар шындықты жайып салды

09.07.2025 12:01
0
293
ашық дереккөзден

Шерзат Болаттың қазасынан кейінгі күдік пен күмәнді тұсы көп тағы бір жайт - Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі. Әзірге құзырлы органдар бұл жайтқа қатысты үнсіз, бұған дейін тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова осы және өзге де оқиғаларға байланысты өз шындығын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ  Dalanews.kz сайтына сілтеп.

Ол қаралы күн жайында әңгімелеп, Нұрғанат жазды делінген хаттың астарында түсініксіз жайт көп екенін жеткізді.

"Мамамдар Нұрғанатты жоғары жақта ұйықтап жатыр деп ойлаған, мен төменге түсіп кетті деп ойладым. Сол арада ешкімге білдіртпей киініп кетіп қалған. Алдын ала білгенде әрекет жасар ма едік. Өзіміз таппай қалдық. 34 жасыма дейін әпке деп көрмеген, досындай көретін, арамыз 4-ақ жас, одан 4 жасқа үлкенмін. Хатта "әпке, сен мені осы өмірде барлық нәрсеге үйреттің, демеуші болып, көмектесіп жүрдің" деп жазылған. "Анам, аманат, балаларың үшін өмір сүр" деген. Қоштасу болып тұр. Біріншіден, ешқашан олай ұзақ жазбайтын. Дыбыстық хабарлама немесе аудио, видеоқоңырау арқылы шығатын. Қысқа жазуы мүмкін. Анадай жерде ұзақ қылып жазу үшін қанша уақыт дайындалу керек?!

Менің өзіме келетін бір күдік: біз бес ағайындымыз ғой, төртеуімізге ғана хабарлама келеді, кішкентай сіңіліме хабарлама келмейді. Неге? Білмейтін адам солай жазды. Өйткені бес ағайынды екенімізді енді біліп жатыр. Бесіншісі кім екенін ешкім білмейді, атын атамаймыз, түрін түстеп көрсетпейміз. Ол қыз - студент, сол үшін қорқамыз. Бізсіз де достарымен жүреді. Басқасы бар. Менің жеке ойым, мен үшін күдікті, өзі жазуы мүмкін емес. Оны басқа біреу жазды, бес ағайынды екенімізді білмейтін адам жазды, бесіншісінің кім екенін білмейтін адам жазды. Өз-өзіне қол сала алмайды. Ондай хабарлама жаза алмайды", - деді Перизат Нұрым ова Qazaq Airan-ға берген сұхбатында.

Адвокат Мейірман Шекеев Нұрғанат Ғайыпбаевтың ісі қай сатыда екенін айтты.

"Осы отбасыға қатысты істердің бәрі менің өндірісімде: Қаржаубайға, Нұрғанатқа, үйге қатысты істер. Жақында ғана тергеуші хабарласты. Алдында ішкі істер министрінің орынбасары "бұл істер әлі жабылған жоқ" деді. Дәл содан бір күннен кейін бе, тергеуші хабарласып, "Нұрағанаттың ісі қысқартылды" деді. Мен ол кезде Түркияда жүргенмін. Қазіргі таңда Нұрғанаттың ісі бойынша Жұмабике ханым жәбірленуші болып танылады. Ол кісінің өкілі менмін. Сол кісі келгенін күтіп жүрмін. Келгеннен кейін барып іспен танысып, процедуалдық кемшіліктер болса, шағым түсіреміз. Бірақ бізге келген соңғы ақпарат бойынша ол іс қысқартылған", - деді адвокат сұхбатында.

Сонымен қатар, адвокат үй өртенген оқиға бойынша іс қалай өрбіп жатқанын баяндады.

"Үйдің мәселесі бойынша іс жалғасып жатыр. Соңғы маған берген ақпарат бойынша "Ресей Федерациясынан сол күнгі спутник түсірілімдерін сұратқанбыз" деген. Менің пайымдауымша, әлі келмеген. Сондықтан іс әлі жабылған жоқ. Менің тәжірибемде бірінші рет (Ресейден сұрату - еск.). Іс резонансты болғаннан кейін сондай жасаған болар", - деді Мейірман Шеккев.

Мейірман Шекеев "соттан шыққан кезде "қарақалпақ" деп айғайлағандар жауапқа тартыла ма?" деген сауалға жауап берді.

"Ол бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Бір ата-ана "қарақалпақ" деп айғайлап, шу көтергені үшін хаттама толтырылды", - деді адвокат.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий