Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» басшыларына қатаң ескерту жасады

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» басшыларына қатаң ескерту жасады
Фото: Самұрық-Қазына

Ірі жобалардың құрылысы кешіксе, басшылар жауап береді. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов еншілес компаниялардың жетекшілеріне осындай қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қоры хабарлады.

Жақыпов қор құрамындағы компаниялардың басшыларын жинап, ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысын талқылаған. Әсіресе құрылыс мерзімін созбау және нысандарды белгіленген уақытта іске қосу мәселесіне баса назар аударылды.

«Стратегиялық инвестициялық жобалардың мерзімін бұзуға жол берілмейді. Әрбір бірінші басшы алған міндеттемелерінің орындалуына және нысандардың уақытында пайдалануға берілуіне жеке жауап береді. Немқұрайлық пен тиісті бақылаудың болмауы басқарушылық шешімдер қабылдауға әкеледі», – деді Нұрлан Жақыпов.

Кеңесте Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы жаңа электр қуатын өндіретін нысандар мен газ өңдеу зауыттарының құрылысы жеке қаралған. Жақыпов бұл жобаларды іске қосу мерзімін кейінге қалдыруға болмайтынын ескертті.

Сондай-ақ компания басшыларына құрылыстың әр кезеңін қатаң бақылап, туындаған мәселелерді жедел шешу тапсырылды.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында энергетикалық нысандар құрылысының кешігуін және елдегі электр энергиясы тапшылығын сынға алған болатын. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемін тұтынудан асыру міндетін қойды.

Осыдан кейін «Самұрық-Энерго» компаниясының басшысы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылып, орнына Ансар Айдаров тағайындалды.

Қазір «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесінің бақылауында жалпы құны 43,8 триллион теңге болатын 69 ірі инвестициялық жоба бар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу