«Өкпесінен су алынбады»: Дәрігерлер Ақжол Темірәлиевтің жағдайына қатысты жаңа мәлімет айтты

25.09.2026 • 19:04 Қарақат АСЫЛОВА
«Өкпесінен су алынбады»: Дәрігерлер Ақжол Темірәлиевтің жағдайына қатысты жаңа мәлімет айтты
745
Видеодан кадрлар

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған 19 жастағы Ақжол Теміраливтің қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Дәрігерлер оның өкпесі мен миына ауыр зақым келмегенін анықтаған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Үмір Ильясова мәлімдеді.

Әскери қызметші құтқарылғаннан кейін жедел жәрдем көлігімен аурухананың «қызыл аймағына» ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған кеуде қуысы мен миға компьютерлік томография, электрокардиограмма, эхокардиография және қажетті зертханалық талдаулар жүргізген. Кейін ол жансақтау бөліміне ауыстырылған.

Мамандардың айтуынша, Ақжол реанимацияда жатқан кезде оның жағдайы нашарламаған. Гемодинамикасы мен талдау көрсеткіштері тұрақты болған.

25 қыркүйек таңертеңгі дәрігерлердің тексеруінен кейін әскери қызметшіні жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстыру туралы шешім қабылданған.

Мамандардың тексеруі барысында оның миы мен өкпесіне қатысты өміріне қауіп төндіретін асқынулар анықталмаған. Сондай-ақ өкпесінен су алынбаған.

«Зерттеу нәтижелері мен клиникалық мәліметтерге сәйкес, науқастың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төндірмейді. Өкпесінен су алынған жоқ», – деді Үмір Ильясова.

Дәрігерлер Ақжолға «аспирациялық пневмонит» диагнозын қойған. Бұл жағдай суға кеткен кезде сұйықтықтың тыныс алу жолдарына түсуінен кейін пайда болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жас әскери қызметшінің есі толық, өзі жүріп-тұра алады және дәрігерлердің сұрақтарына жауап береді. Ол болған жағдайды түсінеді. Сонымен қатар онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Ақжол әзірге ауруханада дәрігерлердің бақылауында болады. Оны қашан шығаратыны әзірге белгісіз.

Войдите, чтобы оставить комментарий