«Ұлым үйдің үлкені еді»: Каспийде қаза тапқан Өмірбек Өмірзақтың әкесі сөйледі

25.09.2026 • 18:16 Қарақат АСЫЛОВА
«Ұлым үйдің үлкені еді»: Каспийде қаза тапқан Өмірбек Өмірзақтың әкесі сөйледі
523
Фото: Бәйтерек ауданының әкімдігі

Каспийде қаза тапқан үш сарбаздың денесі Батыс Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Мой город” басылымына сілтемемен.

25 қыркүйек таңертең Орал қаласының әуежайына арнайы рейспен әскери ұшақ қонды. Оның бортында Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының үш сарбазының денесі болды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Қаза тапқандардың қатарында Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаж бар. Үшеуі де Батыс Қазақстан облысынан әскер қатарына шақырылған. Сарбаздардың жасы 19-21 аралығында болған.

Жеңіс Темірғалиевтің денесі Бөрілі ауданының Ақсай қаласына жеткізілді. Ақжайық Ғилажды Казталов ауданының Қараоба ауылында жерлейді. Ал Өмірбек Өмірзақтың денесі Теректі ауданының Подстепное ауылындағы туған үйіне әкелінді.

Марқұмның үйіне туыстары, достары мен жақындары жиналып, ата-анасына көңіл айтты. Сарбаздың денесін әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері алып келген.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Арман Сатқановтың айтуынша, сарбаздардың әскери қызметін аяқтауына небәрі сегіз күн қалған. Олар үйлеріне қайту билеттерін де алдын ала сатып алған.

Оның сөзінше, сарбаздар Әскери-теңіз базасының теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальоны құрамында қызмет еткен. Оқу-жаттығуға дейін екі рет дайындық өткізілген.

«Бұл Қазақстанның барлық аумағын қамтыған ірі стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулар еді. Соның бір кезеңінде теңіз десантын жағалауға түсіру қарастырылған. Алайда десант түсірілетін күні толқын көтеріліп, сарбаздарды су басып қалған. Қазір мемлекеттік комиссия құрылып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы түсініктеме беруде», – деді Арман Сатқанов.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына психологиялық және қаржылай көмек көрсетіп жатыр.

Өмірбек Өмірзақтың әкесі Өмірболат Өмірзақұлы ұлын 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шығарып салғанын айтты. Отбасы оны бірнеше күннен кейін қарсы алуды жоспарлаған.

«Сарбаз ретінде қызметін жақсы атқарып жүрді. Өзі сабырлы бала еді. Құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандайтын. Өмірбек отбасымыздағы үлкен ұл болатын. Артында 18 жастағы Арсен деген бауыры қалды», – деді марқұмның әкесі.

Қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі мен жерлеу 26 қыркүйекте өтеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий