«Оларды әдейі өлтірдім»: Сәрсемәлиев сотта қанды қылмыстың себебін айтты
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев алғаш рет өз жауабын берді. Ол бұрынғы жұбайының туыстарымен арадағы жанжал мен қылмысқа не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
16 маусым күні өткен сот отырысының басында айыпталушы жәбірленуші тарап пен прокурордың сұрақтарына жауап бермейтінін, тек судья мен өзінің адвокатының сұрақтарына ғана жауап беретінін мәлімдеді.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, отбасындағы келіспеушіліктерге бұрынғы қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева себеп болған. Оның сөзінше, қайын енесі өзін ұнатпаған және бірнеше жыл бойы қысым көрсеткен.
Айыпталушы Ақбаянмен 2016-2021 жылдары бірге тұрғанын, ал 2022 жылы төрт баласы бола тұра ажырасуға мәжбүр болғанын айтты. Алайда ажырасқаннан кейін де екеуі араласуды тоқтатпаған.
Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туыстары балаларға берілетін жәрдемақыны алу үшін өз мүдделерін көздеді деп мәлімдеді. Судьяның нақтылау сұрағына ол дәл осыны меңзегенін растады.
Сондай-ақ 2024 жылы бесінші баласына жүкті болған Ақбаян өкпе қабынуымен ауруханаға түскенін еске алды. Оның айтуынша, дәрігерлер күшті дәрілерді қолдану қажеттігін айтып, өзімен байланысқан. Алайда Ақбаянның әкесі Максот Қарабалин мен ағасы Наурыз Мұқанғалиев оны ауруханада жұбайымен кездестірмеген.
«Сол кезден бастап ішімде ашу мен өшпенділік жинала бастады», – деді айыпталушы.
Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты Сәрсемәлиев тағы да өзін-өзі қорғау нұсқасын қайталады. Оның сөзінше, өткен жылдың мамыр айында Наурыз жұмыс істеуге емес, қарындасын алып кетуге келген. Екеуінің арасындағы сөз жанжал төбелеске ұласқан.
Айыпталушының айтуынша, Наурыз оны мойнынан қылқындыра бастаған соң қолына пышақ алған.
«Ол мені қылқындырып жатқанда миым жұмыс істемей қалды. Мен тек өзімді қорғап, аман қалуды ойладым. Себебі дем ала алмай жаттым», – деді ол.
Судья пышақты не үшін алғанын сұрағанда, Сәрсемәлиев қорыққандықтан осындай әрекетке барғанын, адам өлтіруді мақсат етпегенін айтты.
Сонымен бірге ол Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдегенін және оның телефоны арқылы ата-анасына WhatsApp-пен хабарлама жіберіп, өзін Наурыз ретінде таныстырғанын мойындады.
Ал бұрынғы қайын атасы Максот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіруге қатысты айыпталушы бұл әрекетке әдейі барғанын жасырмады.
«Мүмкін, шайтан азғырған шығар. Бұл – шарасыздықтан болған іс. Осыдан кейін түрмеге түсетінімді, ұсталып қалатынымды түсіндім», – деді ол.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, балаларынан айырылып қаламын деген қорқыныш оның психологиялық жағдайына қатты әсер еткен.
«Балаларымнан айырылғанша, өзім кеткенім дұрыс деп ойладым. Бірақ балаларымды да алып кете алмадым. Үлкені де, кішісі де әжесіне қатты бауыр басып қалған еді», – деді айыпталушы.
Сотта ол бұрынғы жұбайының туыстары балаларына дұрыс қарамағанын, ал Нәсіп Өтешқалиева дүниеге келмеген бесінші баласының өлімін қалағанын алға тартты. Өзінің айтуынша, керісінше, ол жүктілікті сақтап қалуға барынша тырысқан.
«Сол кезде ішімде жылдар бойы жиналған өшпенділік сыртқа шықты», – деді ол.
Сәрсемәлиев қылмыс жасайтын күні бастапқыда ешқандай қару алып бармағанын айтты. Кейін пышақ тауып алып, қайын атасының сарайға кіруін күтіп тұрған.
«Сол кезде түпкілікті шешім қабылдадым», – деді айыпталушы.
Ол алғашында бұрынғы жұбайының барлық туыстарын өлтіруді ойлағанын да жасырмады. Ақбаянға жақындағанда күмәнданғанымен, кейін ойынан айнымағанын айтты.
Мейрамгүл Қарабалинаның өлімі туралы айта келе, Сәрсемәлиев оны өлтіруді бастапқыда жоспарламағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қайын атасы мен енесін өлтіргеннен кейін Ақбаян мен оның әпкесі Мейрамгүлді Мұнайшы ықшамауданындағы үйге алып келген.
Жолда олар тамаққа тапсырыс берген. Үйге келген соң Мейрамгүл басқа балалардың қайда екенін және Ақбаянның неге үнемі ұйықтап жатқанын сұраған.
Айыпталушы бұл сөздерді қайын енесінің сөзін қайталау деп қабылдағанын айтты. Сондай-ақ Мейрамгүлдің психикалық дамуында кідіріс болғанын және туыстарының сөздерін жиі қайталайтынын жеткізді.
«Мен оны өлтіруді ойлаған жоқпын. Егер ойласам, Жаңгелдиннен өзіммен бірге алып келмес едім. Сараптамада көрсетілген 32 пышақ жарақатымен келіспеймін. Бірақ бұл мені ақтамайды», – деді ол.
Сәрсемәлиев сотта қылмыстан кейін мәйіттерді жасыру, оларды көму және қылмыстың ізін жасыру жоспарын өзі жасағанын мойындады.
Сондай-ақ ол қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, шетелде көз жұмуды ойлағанын айтты. Айыпталушының сөзінше, оның жүрген жері анықталып, Интерпол іздеуге қосылғаннан кейін ұсталған кезде ешқандай қарсылық көрсетпеген.
«Мен өмірімнің аяқталғанын түсінемін», – деді Сұлтан Сәрсемәлиев сотта.
Соңғы жаңалықтар