Олигархтардан қайтқан ақшаға Ақтөбеге жаңа су құбыры тартылады
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен Ақтөбе облысындағы жаңа су құбырының құрылысына 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкіметтің мәлімдеуінше, арнаулы мемлекеттік қордан қарастырылған бұл қаражат тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, коммуналдық желілерге күш түсіп жатқан Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағын аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалады. Жаңа желі облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан тартылмақ.
Құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, жоба аясында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланады және аймақ қажетті инфрақұрылыммен толық жабдықталады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындарымен қатар Алға және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендер тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауыз сумен қамтылады. Оның ішінде өсіп келе жатқан сұранысты өтеу үшін тек облыс орталығына күн сайын 25 мың текше метр су бағытталады. Мамандардың есебінше барланған су қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тіршілік нәрімен тұрақты түрде қамтамасыз етуге толық жетеді.
Жалпы 2024–2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан үкімет құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны мақұлдаған. Оның ішінде жалпы сомасы 226,5 млрд теңге болатын 267 жоба тікелей су инфрақұрылымын дамытуға арналған және олардың басым бөлігі бүгінде халық игілігіне беріліп үлгерді.
Соңғы жаңалықтар