Олжас Бектенов қызметке кіріскен әкімдерге бірден тапсырма берді

17.07.2026 16:15 Қарақат АСЫЛОВА
Олжас Бектенов қызметке кіріскен әкімдерге бірден тапсырма берді
101
Коллаж Politico.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Атырау және Ұлытау облыстарының активіне жаңа басшыларды таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы мен Президент әкімшілігінің жетекшісі алдымен Атырау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты. Роман Скляр аймақ басшысы лауазымына екі үміткерді ұсынды. Олардың бірі «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов болса, екіншісі облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов еді. Ашық дауыс беру қорытындысында 101 депутаттың 83-і Болат Ақшолақовты қолдап, ол Атырау облысының жаңа әкімі болып тағайындалды.

Жиын барысында Олжас Бектенов өңірді 4 жыл басқарған Серік Шәпкеновке алғыс айтты. Оның басшылығымен соңғы жылдары жүзден астам әлеуметтік нысан салынып, 1 мың шақырымға жуық жол жөнделген.

Олжас Бектенов жаңа әкімге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Экологиялық жағдайды жақсарту, аумақтарды көгалдандыру, заңсыз құрылысқа жол бермеу және жылу электр орталығын газға көшіру мәселелеріне баса назар аудару тапсырылды. Сонымен қатар туризм, IT және креативті индустрия салаларын дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру қажеттігі айтылды.

Мұнан кейін Олжас Бектенов пен Роман Скляр Ұлытау облысының жаңа басшысын таныстыру үшін Жезқазғанға барды. Бұл өңірді басқаруға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Дауыс беруге қатысқан 64 депутаттың 87 пайызы Есет Байкенді таңдады.

Жаңа әкімді таныстырған Премьер-министр алдағы уақытта іске асуы тиіс негізгі жобаларға тоқталды. Өңір басшылығына Қарағанды мен Жезқазған арасындағы күре жолдың құрылысын жеделдету, агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыру және шағын бизнесті қолдау тапсырылды. Бұдан бөлек Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды дамыту жүктелді.

Екі аймақта өткен кездесуде де үкімет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін айқындағанын еске салды.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі міндет – Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру. Атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты нәтижелермен өлшенеді", – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Атырау облысында.

Войдите, чтобы оставить комментарий