"Өмірге деген махаббатым оралды": Балжан Бидаш Балидағы демалысынан түйген ойын айтты

Қазақстандық әнші, "КешYOU" тобының экс-солисі Балидегі ұзақ демалысынан фотосуреттер жариялап, ол жақтан алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әнші Instagram желісіндегі парақшасында бірнеше фотосын жүктеген. Оның айтуынша, Балида өткізген уақыты жай ғана демалыс болған жоқ. Әнші өзінің ішкі жан дүниесіне көңіл бөлгенін жазды.
"Балида мен үшін бәрі басқаша болды. Күн сайын таңғажайып табиғат, дәмді тамақ, уайымсыз, жылы ауа райы, еркіндік… Бірақ ішкі түйсігім маған: "Жетер, оян, бірдеңені түсін! деп белгі беріп жатқандай болды. Қанша әдемі жерді көрсем де, қыдыруға аса қызығушылығым болмады. Бұл жерде маңыздысы – менің ішкі сапарым болды. Қоғам бізге үнемі қандай болу керектігін үйретеді: "Мінсіз бол, табысты бол, жарыс, үлгер, ұят болады, бұл нәрсе дұрыс емес, бәріне ұнауға тырыс, жақсы қыз былай істеу керек, жақсы адам былай өмір сүруі керек". Бір қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ солай өмір сүре жүріп, өзімізді шынайы қабылдауды ұмытып, жүрек, жан, рух қалауын беруді ұмытып кетеміз. Бір сәтте өзіңе көңілің толмай, не істесең де жеткіліксіз сияқты болып, түбінде іштей шаршауға әкеледі. Бали маған көп нәрсені қайта қарауға мүмкіндік берді. Мен өзімнің шынайы, нәзік, таза Балжанымды қайта тапқандаймын. Сұрақ көп қойдым: Өзімді шынымен тыңдаймын ба? Жан қалауын беріп жүрмін бе? Құдай берген талантымды қолдана алдым ба? Қаншалықты шынайысың?", - деп ой толғайды әнші.
Балжанның сөзінше, бұл сауалдарға жауап бірден келген жоқ.
"Эмоциялық тербелісті біраз сезіндім. Бірақ күн сайын бір нәрсе анық бола бастады: әдемі, өзіңді бақытты сезінетін өмір біреуде емес яғни сыртқы жағдайда емес, ішкі күйіңе байланысты. Ізденістерімнің арқасында сұрақтарыма ақиқат жауаптарымды тапқанда өзіме орын бердім. Өмірге деген махаббатым оралды. Кішкентай сәттердің өзі ерекше мәнге ие болды. Сенімім көбейіп, жеңіл бола түстім. Әр нәрсені өзімізден бастап тұрсақ өмір қиын емес. Жаратушыма осы тәжірибе үшін алғыс айтамын. Бұл жай демалыс болмады. Бұл – жаңа нұсқаммен бетпе-бет келген, өмірімдегі ең пайдалы сапар болды", - деп жазды Балжан Бидаш.
Еске сала кетейік, бұған дейін Балжан Бидаш бұрынғы күйеуі Жахан Отарғалиевтің үйленуіне қатысты пікірін білдірген еді.
Айта кетейік, әншінің экс-күйеуі ажырасып кеткен соң араға уақыт салып, қайта үйленгені белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар





