«Оңай емес, көрерменнің талғамы өзгерген»: Мөлдір Әуелбекова сахнаға қайта оралды

02.10.2026 • 14:43 Мөлдір ҚАЙНАР
«Оңай емес, көрерменнің талғамы өзгерген»: Мөлдір Әуелбекова сахнаға қайта оралды
187
Фото: Instagram.com/moldir.auyelbekova

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова ұзақ үзілістен кейін үлкен сахнаға қайта оралып, шығармашылығына білек сыбана кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, пандемия кезіндегі карантин мен декреттік демалыстан соң өнер айдынына қайта бейімделу оңайға соқпаған:

«Ұзақ үзіліс болды. Карантин және декрет. Биыл күш-жігерімді жинап, шығармашылығыма толық кірістім. Оңай емес, әрине. Көрерменнің талғамы өзгерген, талабы да жоғары», – деп бөлісті ол.

Әнші жыл басынан бері мерейтойлық гастрольдік сапар өткізіп, басты мақсаты — сағынысқан тыңдарманымен қауышып, ақ батасын алу болғанын айтты. Ел ішіндегі концерттерде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, бойына ерекше шабыт жинап қайтқан өнерпаз алдағы жоспарларымен де бөлісті:

«Гастрольдік сапарда үлкен қошеметке бөленіп, шабытым тасып келдім. Сол деммен өз тыңдарманымды жиі-жиі Құдайдың берген талантымен қуантуға тырысып жүрмін. Бұйырса, білек сыбана кіріскен шығармашылығымның жаңа дәуірін тамашалай жүріңіздер, құрметті тыңдарманым», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мөлдір Әуелбекованың «КешYOU» тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтыны жайлы хабар тарап, қызу талқыға түскен болатын. Ол кезде әнші бұл ұжыммен арадағы кезеңнің бетін біржола жапқанын айтса, топ продюсері Баян Алагөзова оның бұл қадамын «сатқындық» деп бағалаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий