Өнердегі қыз-келіншектер хиджабпен қандай қиындық көріп жүргенін айтты

Өнердегі қыз-келіншектер хиджабпен қандай қиындық көріп жүргенін айтты
27.08.2025 18:41
0
107
Stan.kz

Отандық шоу-бизнестегі ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – хиджаб мәселесі. Соңғы жылдары бірқатар танымал әнші орамал тағып сахнаға шықса, енді бірі қысымға шыдамай қайта шешіп тастағанын мойындады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz-ке сілтеме жасап.

«Құрмет» орденінің иегері, әнші Мөлдір Әуелбекова Threads парақшасында хиджабпен жүріп кедергілерге жиі тап болатынын айтты. Оның сөзінше, кейде концертке қатысқанымен, эфирден қиылып қалады. «Мені орамалым үшін жобаларға қатыстырмайды. Кейде сахнаны өзім-ақ босатып берейін бе деп ойлаймын. Ұйымдастырушылар мені шеттетсе де, халықтың махаббатын тартып ала алмайды», – дейді ол.

Жастар арасында Dequine атымен танымал Данеля Садықова да орамал тағып көрді. Бір жарым жылдай хиджабпен жүрген ол қажылыққа барып келсе де, кейін шешіп тастады. «Өзімді исламның community-не кіріктіре алмадым, исламдағы адамның образына келіңкіремедім. Хиджаб киюіме де, шешуіме де өкінбеймін», – деп түсіндірді әнші.

Жеке өмірі жиі талқыланатын Ақбота-Нұр Сейтмағамбетова да қысқа уақыт ішінде орамал тағып көргенін, бірақ асығыс шешім болғанын жасырмады. «Хиджабқа дайын болмай келдім. Ұзын киіммен өнерден нан табу қиын болды. Кейін шешіп тастадым. Бірақ бұл – күйзелістен емес», – деді ол.

Танымал хит әндердің орындаушысы Индира Расылхан болса, орамал тағуды жас кезінен армандағанын айтады. Дегенмен, орамал кигеннен кейін концерттерден шеттетілгенін де мойындайды. «Эфирден қысқартылғанымды түсіндім. Бірақ орамалға келу – мен үшін үлкен арман еді. Енді оны соңғы деміме дейін шешпеуді тілеймін», – деді ол.

Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар Роза Әлқожа да белгілі бір кезеңде хиджаб тағып көргенімен, кейін одан бас тартқан.

«Толық хиджабта жүру үшін көп нәрседен бас тарту керек. Мен эмоцияның адамымын. Меккеден келген соң бәрі жалаңаш сияқты көрінді. Бірақ кейін өз қалпыма оралдым», – деп түсіндірді ол.

Әншілердің бұл таңдауы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі олардың өнерден кетпеуін қолдаса, енді бірі дінге бет бұрғанына қуанады.

«Әншілер дінге кетсе, сахнадан шеттетіледі», «Хиджабтың сыртынан сәукеле кию дұрыс емес», «Ән айту мен намаз оқуды қатар алып жүру мүмкін емес» деген пікірлер де айтылды. Кейбірі «ақ жаулықты ананың образы бар, неге қара орамал тағылады?» деп сын айтты.

Қорытындысында, хиджаб – сән үшін киілетін бұйым емес, әркімнің ішкі сенімі мен жеке шешіміне байланысты күрделі таңдау. Өнер адамдарының осы жолдағы тәжірибесі қоғамдағы пікірталасты әлі де жалғастырып отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий